Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. тілшісі. Медициналық сақтандыру іске қосылғалы бері әлеуметтік желілерде "неге мен өзім дәрігерді таңдай алмаймын?" деген сұрақ халық арасында қызу талқыланып жатыр.
Мәселен, еш жерде тіркелмеген адам өзіне ұнайтын емхананы таңдай ала ма? Белгілі бір салалық дәрігер көңілінен шықпаса, басқа бір жекеменшік клиникаға барып тегін қарала ала ма? Қымбат тұратын томография мен МРТ диагностикадан кімдер тегін өте алады және де қазақстандық өзге қалаға қыдырып келіп, ауырып қалған жағдайда қандай медициналық көмекті ақша төлемей алуына болады? Осы және өзге де көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға тілшілерге арналған бүгінгі баспасөз туры барысында тиісті мамандардан жауап алдық.
Кез келген дәрігерді аудан бойынша таңдай аласыз. Мәселен, сіз Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы ауданында тұратын болсаңыз, осы ауданда орналасқан кез келген емхананы таңдауға болады. 281-ші бөлік бойынша қазір қосымша енгізілді. Тіркелетін кезде біз науқасқа түсіндіреміз. Егер біздің емхананы таңдайтын болсаңыз, мысалы, тұрғылықты мекенжайы бойынша №7 қалалық емханаға қарайтын науқас біздің №6 емханаға тіркелгісі келсе, біз оған айтамыз – "дәрігерді үйіңізге шақыратын болсаңыз, келе алмаймыз" деп. Себебі, бұл аудан біздің емхана қабылдайтын территорияға жатпайды, - дейді елордадағы №6 емхананың Медициналық үрдістерді стандарттау қызметінің басшысы Зәуре Қарашаева.
Оның айтуынша, медициналық қорға жарна аударып отырған азамат еш жерде тіркелмеген болса, емхананы өзі таңдап міндетті түрде тіркелу керек.
Бірақ тұрғын тіркелмес бұрын түсіндіреміз. Тұрып жатқан мекенжай қалалық емхананың ауданына жатпайды. Сондықтан да үйге дәрігер шақырса, біз бара алмаймыз. Қалған медициналық көмектің барлығын ол толықтай осы жерде алуға мүмкіндігі бар. Қымбат тұратын анализдерді, компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томографияға жолдама алуға болады, - деп түсіндірді дәрігер.
Бұл орайда науқасқа өзі тіркелген емханадағы белгілі бір саланың маманы, яғни шағынбейінді маман ұнамауы мүмкін. Ол адам басқа бір жекеменшік клиникаға барып тексерілгісі келеді делік. Сонда ол жолдаманы кімнен және қалай алуға болады? Бұл сауалға да ол жауап берді.
Бізде әр медициналық мекемемен субподряд (қосалқы мердігерлік – ред.) бойынша келісімшартқа қол қойылған. Осы келісімшарт арқылы науқасты өзі таңдаған басқа поликлиникадағы дәрігерге жолдама беріп жібере аламыз. Мысалы, егер науқас астаналық №7 немесе №11 емханадағы кардиолог дәрігерге барғым келеді десе, біз оны жіберміз. Бізбен келісімшарт жасасқан жеке клиникаларға да қаралуға жолдама бере аламыз. Тек қана келісім-шарт аясында. Ал, егер қазақстандық басқа қалада тіркелген болса, оған сақтандыру қаражаты бөлініп, яғни, медсақтандыруға жарна төлеп жатқан болса, ол адам өзге қалада ауырып қалған жағдайда жедел медициналық көмек ала алады. Тек қана жоспарлы медкөмекті ала алмайды, - деп атап айтты №6 емхананың дәрігері Зәуре Қарашаева.
Осылайша, егер Алматы қаласының тұрғыны Нұр-Сұлтанға 1 аптаға қыдырып, қонаққа келгенде аяқ астынан ауырып қалса, ол шұғыл медициналық көмекті тегін ала алады. Мәселен, дәрігерді үйге шақыра алады, дене қызуы немесе қан қысымы көтерілген болса, дәрігер оны келіп қарайды.
Баса назар аударған жөн, компьютерлік және магнитті-резонанстық томография сияқты қымбат қызметтерді көрсету биыл қаңтардан бастап 9 237-ден 14 376-ға дейін, яғни 54%-ға өскен.
Жыл басынан бері КТ және МРТ, медициналық-генетикалық зерттеулерді қоса алғанда, қымбат тұратын зерттеу түрлерін, қымбат тұратын зертханалық қызметтерді МӘМС пакеті шеңберінде қор жеткізуші-медициналық ұйымдар көрсетеді. Пациенттерге жолдаманы учаскелік дәрігер, жалпы практика дәрігері немесе салалық маман береді, - деп мәлімдеді тілшілерге арналған пресс-тур барысында "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазынов.