Медициналық институттар тапшы мамандарды даярлау керек – сенаторлар

25 Қыркүйек 2020, 21:40
1179
Бөлісу:
Медициналық институттар тапшы мамандарды даярлау керек – сенаторлар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаттары Семей қаласындағы кездесуде дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің сенаторлар тобы Шығыс Қазақстан облысында жүр. Олар аймақтағы бірқатар маңызды мәселелерді зерделеуге ниетті. Олардың ішінде мектептердегі қашықтықтан білім беру форматының тиімділігі, медициналық кадрларды даярлау және биліктің коронавирустың екінші толқынына дайындығы туралы мәселелер бар.

Медицина университетінің басшылығы депутаттарға өткен оқу жылының қорытындысы бойынша түлектердің 90%-ы денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналасқанын хабарлады. Алайда, бұл жеткіліксіз, деп есептейді сенаторлар. Елде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады, әсіресе қазір пандемияның екінші толқыны күтіліп отырған кезеңде инфекционист дәрігерлер мен вирусологтарды даярлау қажет. Бұл туралы депутат Мұрат Бақтиярұлы Семей қаласының медициналық ЖОО оқытушыларымен кездесуі барысында мәлімдеді.

Дәрігерлердің даярлау ісі де жаңа форматқа көшкенін көріп отырмыз. Семей мемлекеттік медицина университетінің базасымен танысқан кезде онда білікті дәрігерлердің, оқытушы-профессорлық құрамның бар екенін көрдік. Бірақ ескере кететін бір мәселе бар. Жалпы мамандыққа байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бір бетбұрыс жасауы керек. Мысалы, біздің елімізде 4000 жуық дәрігер жетіспейді, әсіресе инфекционистер, вирусологтар жетіспейді. Осыған байланысты тиісті мамандықтар мен кафедраларды ашу қажеттілігі туындап отыр, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенат депутаттарын білім беру гранттарын жасақтау және іске жарату, жас мамандарды жұмыспен қамту және «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері қызықтырады. Сонымен қатар, Сенат депутаттары «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысын тексеріп, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып салынып жатқан үйлерді және мәдени-спорт кешенін аралап көрді. Сонымен қатар, депутаттар көп балалы отбасыларға арналған үйлер, жаңа мектеп салу процесімен, пандемия кезіндегі ауылдық елді мекендердің жай-күйімен және проблемаларымен танысты.

Депутаттар жедел медициналық жәрдем ауруханасында болып, гибридті операция бөлімінің жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін талқылады. Сондай-ақ, сенаторлар педагогикалық колледжге барды. М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжге «Ұлттық педагогикалық колледж» мәртебесін беру мәселесін көтерді.

 



Өзгелердің жаңалығы