Жамбыл облысында 12 азамат медициналық бақылауда

5 Ақпан 2020, 09:12
1369
Бөлісу:
Жамбыл облысында 12 азамат медициналық бақылауда

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағына этиологиясы белгісіз пневмонияның, яғни, коронавирустың келуі мен оның таралуының алдын алу, санитариялық эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Бұл турады жергілікті әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов айтты.

Өңірдегі балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен аудандардағы орталық ауруханалардың инфекциялық бөлімшелерінде 503 төсек бар екен. Оның ішінде ересектерге арналғаны – 185, балаларға арналғаны – 318 орын. Бұған қосымша, ересектерге – 147, балаларға – 186, барлығы 333 төсек дайындалған.

Медициналық ұйымдар жеке бас қорғаныс киімдерімен (обаға қарсы көп реттік костюм – 1826 дана, бір реттік қорғаныс костюм – 9942 дана), вирусқа қарсы препараттар (2717 қаптама тамифлю, 49 қаптама реленза, 960 қаптама оксалин жақпа майы) мен вируцилидті дезинфекциялық заттардың қорымен (101428 кг/литр) қамтамасыз етілді, - деді басқарма басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, аймақтағы медицина қызметкерлері арасында белгісіз пневмонияның диагностикасы, емдеу және алдын алу туралы кеңес-семинарлар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, барлығы 45 семинар өткізіліп, оған 3226 медицина қызметкері қатысыпты. 

Сонымен қатар, құзырлы мекемелердің мамандарының қатысуымен 24 қаңтар күні "Әулие Ата" әуежайында белгісіз пневмонияның келуі мен оның таралуының алдын алу, бірінші кезектегі шараларды ұйымдастырып, өткізу бойынша оқу-жаттығу сабағы өткен.

Емдеу мекемелерінің, оның ішінде жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері арасында белгісіз пневмонияға күдікті жағдайларды анықтау, тіркеу, есепке алу, шұғыл хабарлама жолдау, науқастарды қабылдау мен оларға жедел мамандандырылған көмек көрсету бойынша даярлығы шыңдалды. Өңірдегі барлық медицина ұйымдарының қабылдау бөлімдерінде, қарау бөлмелерінде, жедел медициналық жәрдем станциясында медицина қызметкерлеріне арналған алгоритмдер әзірленді, - деді Марат Жұманқұлов.
Ал Жамбыл облыстық полиция департаменті көші-қон басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтар айында Қытай Халық Республикасынан бұл облысқа 37 азамат келген. Олардың барлығы тұрақтанған мекен-жай бойынша емдеу мекемелерінің медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауында екен. Қазіргі таңда 25 азамат 14 күндік медициналық бақылаудан өтіпті. 12 азамат медициналық бақылауда, шағымдары жоқ.

Қазіргі таңда облыста коронавирусқа күдікті науқастар тіркелген жоқ. Бұл бағыттағы іс-шаралар әрі қарай жүйелі түрде жүргізіле беретін болады дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы