Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуынша, медициналық сақтандыру қорының негізгі басымдықтарының бірі – пациент құқығын қорғау. Осыған орай кері байланыс құралдары арқылы түсетін шағым-өтініштер ерекше бақылауда болады. Сондай-ақ, халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне үнемі мониторинг жүргізіліп отырады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалы биыл 6 айда жүргізілген мониторинг аясында көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін тексере отырып, 31 мыңға жуық кемшілікті анықтаған.
Тұрғындар көбіне медициналық қызмет сапасына, қызметтерді көп күту жағдайларына, консультативтік-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (құрал-жабдықтардың болмауы, кезекті көп күту, жолдама бермеу, кадр жетіспеу), медициналық көмек көрсетуден, ауруханаға жатқызудан бас тартуға шағымданған. Олардың көпшілігі – тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді дұрыс ұйымдастыруға қатысты, яғни сол жерде медицина ұйымдарында шешімін табуы тиіс мәселелер.
Процестерді цифрландыру адам факторының ықпалын барынша азайтады, жұмысын дұрыс атқармайтын қызмет жеткізушілердің жалған жазба толтырып, көзбояушылық жасауына мүмкіндік бере қоймайды, өйткені IT құралдарын қолдану медициналық ұйым тарапынан әрбір қадамды, пациентке қатысты әрбір әрекетті қағаз бетіне шықпай-ақ электронды форматта қадағалауға мүмкіндік береді. Енгізілген ақпараттың дұрыстығын тексеретін форматты-логикалық бақылаулар Қор сарапшыларына көмекке келеді. Орын алған кемшіліктер сарапшылар тарапынан расталғаннан кейін (немесе қабылданбағаннан кейін) ғана медициналық ұйымдарға ақы төленеді.
Біздің сарапшылар медициналық қызметтің қолжетімді болуы және сапасының жақсаруы үшін, яғни пациент құқығы сақталуы үшін тұрақты жұмыс жүргізеді. Қормен ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге шарт жасай отырып, медициналық ұйым халыққа сапалы медициналық көмек көрсету және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті өзіне алады. Жеткізушіге қойылатын бұл талаптар шартта жеке тармақпен белгіленген және олардың орындалуы Қор тарапынан бақыланады, - деп атап өтті Медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының директоры.
Астана бойынша 2022 жылдың 6 айында көрсетілген медициналық қызмет сапасы мен көлеміне жүргізілген түрлі мониторингтер аясында 30 938 кемшілік айқындалып, 778 млн 861 мың теңге алынды. Оның ішінде, тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі аясында 429 млн 570 мың теңге сомасына 3980 кемшілік анықталды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 349 млн 291 мың теңге сомасына 26 796 кемшілік анықталды.
Сондай-ақ қордың елорда бойынша филиалының медициналық қызмет сапасы мен көлемін мониторингілеу бөлімі жоспардан тыс мониторинг бойынша 106 қорытынды жасады, оның 17-сі негізді шағым екені дәлелденді. Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде алынған сома 7 млн 379 мың теңгені құрады.