5 тамыз – Бірыңғай республикалық медиация күніне Шымкентте ҚХА Республикалық медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Шымкенттегі BAQ.KZ тілшісі.
Медиация кеңесінің медиаторлары 4-5 жылда 150 мың адамның шағымдарын сотқа жеткізбей шешімін тауып, мәмілеге келтірген екен. Мұны Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов хабарлады.
Елімізде медиация саласы біраз жылдан бері дамып келе жатыр. Ассамблея қанатының астында. Медиация туралы заң бар. Ассамблеяда медиаторларымыз бар. 4-5 жылда медиаторларымыз 150 мың адамның шағымдарына шешім тауып, сотқа жеткізбей, мәмілеге келді. Бұл – үлкен жұмыс. Соның ішінде ұлттық, тұрмыстық мәселелер де бар. Қазір біздің алдымызда медиацияға қатысты екі түрлі бағыт бар. Біріншісі – этномедиация институтын дамыту. Екіншісі – құқық қорғау қызметін жетілдіру. Қазақстанда 2000 мыңға жуық медиатор бар. Олардың жұмысын дамыту үшін біраз шешімдер қабылданып жатыр, – деді ол.
Кеңейтілген отырысқа қатысқан Шымкент қаласының әкімі М.Айтеновтың сөзінше, биыл қаладағы түрлі этнос өкілдері арасныда болған түсініспеушіліктердің 11-і медиация көмегімен реттеліпті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы этносаралық қарым-қатынаста медиацияның маңыздылығын атап өтіп, келіссөз жүргізетін кәсіби мамандарды дайындауға басымдық беріп отыр. 2018 жылы республикалық деңгейдегі ірі қалалар қатарына қосылған Шымкенттегі 1 млн 112мыңнан астам тұрғынның 30 пайыздан астамын этнос өкілдері құрайды. Түрлі этнос өкілдері сындарлы мемлекеттік саясаттың арқасында бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, миллионды мегаполистің түрлі саласында ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Қалалық ассамблеяға топтасқан этномәдени бірлестік қашан да берекелі бірлікке негізделген игі бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісімді сақтап, ұлт бірлігін дәріптеуге үлеске қосып жатыр. Құрметті кеңеске қатысушылар, халық даналығында “Бірлік түбі – береке” дейтін аталы сөз бар. Қаламыздағы этнос өкілдері тұратын 23 тұрғын алапта түсінбеушілік туындаса, қоғам мүшелері құқықтық тәртіп пен заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын ширатуы қажет. Бұл бағытта биыл қалалық ассамблеяның ақпараттық-насихат тобының құрамына енген медиаторлар тұрғын алаптардағы кездесулерге қатысып, түсіндіру жүргізді. Этнос әкілдерінің арасындағы кейбір жағдайлар бойынша топтарды ортақ мәмілеге келтіретін жұмыс атқарды. Медиацияның мән-маңызы ескеріліп, Шымкент қалалық ассамблеясы жанындағы медиацияны мемлекеттік қызметтерге ілгерілету үшін 9 басқармамен өзара ықпалдастық меморандум түзілді. Бұл жұмыстар тиімді екенін көрсетті. Биыл қаладағы этнос әкілдері арасында болған түсініспеушіліктердің 11-і медиация көмегімен реттелді, – деді Мұрат Әйтенов.
Оның айтуынша, 11-13 тамызда Шымкентте этномедиация бойынша біліктілікті арттыру семинар курс өтеді. Екі күндік семинар курсқа көршілес Жамбыл облысы мен Алматы облысының кәсіби медиатор-тренерлерін тарту жоспарланған.
Айта кетейік, отырысқа ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльмира Азимова, ҚХА, ҚХА Республикалық медиация кеңесі мүшелері, түрлі мемлекеттік органдардың (МҚІА, МБА, ІІМ, БП, ҰҚК) өкілдері, кәсіби және кәсіпқой емес медиаторлар, Медиация орталықтарының басшылары мен сарапшылар қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді дайындау, этномедиация оқу орталығын ұйымдастыру тапсырмасын іске асыру жайы талқыланды. Ассамблея медиаторларының құқық қорғау қызметіне қатысуы, ұлтаралық жанжал кезіндегі медиация тәсілі, отбасындағы жанжал, тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен тұрмыстық қылмыстардың алдын алу мәселелері де қарастырылды.
Айтпақшы, бүгін еліміздің түкпір-түкпіріндегі ҚХА медиация кабинеттері мен диалог алаңдарында ассамблея медиаторларының қатысуымен «Ашық есік күні» республикалық акциясы өтіп жатыр.