Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Salem Social Media-ның бас директоры Александр Аксютиц Zoom платформасында өткен бейнеконференция барысында қазақстандық медиадағы проблемаларға тоқталды.
Медиа салада талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан сарапшылардың пікірінше, ең негізгі проблемалар қатарында тиімсіз ақпараттық саясат, мемлекеттік БАҚ-тың танымал еместігі, мемлекеттік тапсырыстар негізінде жасалатын қызықсыз контент, мемлекеттің веб-кеңістіктегі, әсіресе, әлеуметтік желілердегі төмен таныстырылымы, медиа өлшемнің тиімді жауап жүйесінің жоқтығы мәселелері тұр, - деді ол.Александр Аксютиц эфир барысында медиа саласындағы қордаланған түйткілдерді шешудің 10 қадамын ұсынды.
Жоғарыдағы мәселелерді саралай келе, біз жүзеге асырылуы керек 10 қадам ұсынбақпыз. Бұл, әрине, тек осы қадамдарды ғана қабылдап, мәселенің шешімін табуға болады деген сөз емес. Бұл - біз көрген он шешім ғана. Сонымен, біріншісі - рейтинг, жалпы қамту, қаралым және тартылу кооэффицентін КРІ-мен байланыстыра отырып, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тақырыптық бағыттарын, өлшемдерін, қағидаттары мен тетігін өзгерту. Екінші - мемлекеттік ақпараттық тапсырысты алушылардың ашық реестрін құру және мемлекет есебінен жасалып орналастырылған контенттің белгіленуі міндетті. Үшінші – танымал емес мемлекеттік медиа-ресурстарды оңтайландыру (2 телеарна, 1 интернет-ресурс, 2 газет, 1 радиостанцияны қалдыру). Төртінші – жекеменшік БАҚ және продакшн-студияларға арналған мемлекеттік ақпараттық тапсырыс көлемін арттыру, ең алдымен, қазақ тілінде интернет кеңістігінде қызмет ететіндерді тарту. Бесінші – қазақстандық БАҚ-тың интернет платформаларын (әсіресе, мемлекеттік) технологиялық модернизациялау үшін ІТ саладағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) компаниялар арқылы тарту, - деді ол.
Ол, сондай-ақ, салалық қоғамдық коммерциялық емес бірлестік базасында немесе МЖС механизмі арқылы заманауи ІТ шешімдерді пайдалана отырып, ұлттық медиа өлшемді қосуды ұсынып отыр.
Тағы бір пункт – мемлекет тарапынан қаржыландырылатын және жалпы бақылау жүйесі бар қоғамдық ұлттық коммерциялық емес медиа құру. BBC, Euronews, NHC компанияларын мысалға алуға болады. Сегізінші - контент өндірушілерді коммерциялық емес қоғамдық бірлестіктер арқылы мемлекет есебінен жасалған бейнетаспаларды бақылауды қаржыландыру тетігін іске қосу. Сонымен қатар, отандық контент өндірісіне салықтық мөлшерлеме енгізу. Себебі біздегі нарық кішігірім ғана. Соңғы ұсыныс – медиа саласы мамандарын дайындауға арналған бірыңғай орталық құру, - деді ол.