Медиа мамандарды ағылшын тілде оқыту керек - профессор

24 Сәуір 2024, 15:22
219
Бөлісу:
Медиа мамандарды ағылшын тілде оқыту керек - профессор
Фото: спикердің әлеуметтік желісінен

Қазақстандық қоғамдық даму институтында "Цифрлық дәуірдегі салалық журналистика: тенденциялар мен өзгерістер" атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиын барысында журналистика саласында білім берудің түйткілдері, салалық журналистиканың қазіргі жағдайы мен оны дамытудың маңызы, цифрландыру дәуіріндегі журналистиканың жаңа стандарттары, кадр даярлау ісі және медиакоммуникация саласы мамандарына қойылатын қазіргі талаптар талқыланды.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Молдияр Ергебеков "Қазақстандық ЖОО-да медиа мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелер" тақырыбында баяндама жасап, 3 негізгі түйткілді атады. Олар: білім беру бағдарламаларындағы мәселелер, оқулық мәселесі және педагогикалық түсінік мәселесі.

Еліміздегі білім беру бағдарламаларын құрушылар әлемдегі медиа маман даярлау процесінен хабарсыз. Бұны біз фокус топтық зерттеуімізде байқадық. Көбіне орыс тілін меңгергендіктен, Ресейдегі білім беру бағдарламалары туралы жаңалықтарды ғана біледі, өкінішке қарай. Сондықтан да медиа мамандарын даярлайтын оқу орындарының ұстаздарына ағылшын тілінен бастап, шет тілдерді үйрену керек, - деді ол.

Молдияр Ергебеков отандық ЖОО-лардағы пән атауларының бірізді емес екеніне тоқталды. Оның сөзінше, бұл қазақша ғылыми тілдің қалыптасуына кедергі келтіреді.

SDU "Журналистика" мектебінің деканы Мадияр Саудбаев "Бүгінгі журналистиканың жағдайы мен оның қоғамдағы рөлі" тақырыбы аясында баяндама жасап, салалық журналистиканың баяу дамуына әсер ететін факторларды атады.

Салалық журналистиканы дамытудағы тағы бір мәселе – студенттердің жұмысқа орналасуы және мансапта өсуі. Мысалы, дата журналистиканы оқытқанымызбен, бітірген маман медиа орталықтарға аса қажет болмауы және бұл саланың маңызды екенін жеткілікті түсінбеуі мүмкін. Сондықтан салалық журналистиканы дамыту үшін сұранысты арттыру керек, - деді Саудабаев.

Өзгелердің жаңалығы