Медеуде 300 адамға арналған қонақ үй салынып жатыр

17 Қараша 2020, 15:18
2461
Бөлісу:
Медеуде 300 адамға арналған қонақ үй салынып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқарма басшысының орынбасары Марат Айнабеков онлайн брифинг кезінде айтты.

Оның айтуынша, Медеуде туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 300 орындық қонақ үй салу жұмыстары басталған. Ол келесі жылы пайдалануға берілмек. 

Оған қоса таулы шатқалдарда, атап айтқанда Аюсай шатқалына барар жолда визит орталық салынып жатыр. Ал Шымбұлақ таулы курорты жанында 20 орынды экологиялық 10 тұрғын үй кешені салынуда, - деді ол. 

Сондай-ақ ол қазір экологиялық туризмге көңіл бөліп отырғанын, сол себепті таудағы жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ жолдар абаттандырылатынын жеткізді. 

Тау шаңғы спорты бойынша бұрынғы Динамо мен ЦСКА шаңғы базаларын қайта жаңғыртуды қолға алмақпыз. Мәселен ЦСКА-да 6 шақырымдық тау шаңғы жолын жасап, 1600 адамды қабылдай алса, Динамо 1700-дей адамға қызмет көрсете алады, - деді Марат Айнабеков. 

Сонымен қатар ол Алматыда туристерді қабылдайтын 335 нысан қызмет етіп жатқанын, алдағы уақытта халықаралық талаптарға сай қонақ үйлер саны артатынын айтып өтті.

 

Соңғы екі жылда қалада әлемдік деңгейдегі 3 қонақ үй салынды. 2018 жылы Mercure қонақ үйі ашылды, оны салуға 4 млрд инвестиция тартылып, қазір 90 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал 2019 жылы Novotel және Hilton қонақ үйлері пайдалануға берілді. 2021 жылдың соңына дейін тағы 5 қонақ үйді ашуды жоспарлап отырмыз, - деді ол. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыға келетін туристер саны биыл 40%-ға төмендеген.

 

Өзгелердің жаңалығы