Алматыдағы Құрылтай сайлауында 90 жастағы Сақыпжамал Райымбекқызы өз таңдауын жасап, тұрғындарды белсенді өмір салтын ұстануға үндеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жуырда ғана ақ жаулықты ана Медеудегі 842 баспалдақты бағындырып, көпшіліктің ықыласына бөленген болатын. Кейуананың айтуынша, таудың басына көтерілу оның көптен бергі арманы болған.
Жүрегім де ауырған жоқ, аяқ-қолым да талған жоқ. Жоғарыдағы дәмханаға дейін еш қиналмай көтерілдім, – дейді Сақыпжамал Райымбекқызы.
Өмірінің басым бөлігін мал шаруашылығына арнаған кейуана ұзақ жылдар қой бағып, шопан болып еңбек еткен. Бір күні немерелеріне тауға шыққысы келетінін айтқан соң, жақындары оның арманын орындап, Медеуге алып барған. Нәтижесінде 90 жастағы ана 842 баспалдақты еңсеріп, Медеудің жоғары бөлігіне дейін көтерілген.
Бүгін Сақыпжамал Райымбекқызы Құрылтай сайлауына арнайы келіп, азаматтық таңдауын жасады.
Құрылтай сайлауына қатысып, дауыс бергеніме қуаныштымын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Мен шыққан тауға сендер де шығыңдар, – деп ақ батасын берді ол.
Сайлау учаскесіне кейуананы қызы Нұргүлсім Молдахметова ертіп келген.