Ауруханада дертіне шипа іздеген жандарды емдеу, оларға күтім жасауда медбикелердің алатын орны ерекше екені баршаға белгілі. Дәл осы мамандардың шыдамдылығы, күш-жігері мен адам өмірін сақтап қалуға деген құлшынысының арқасында пациенттер өмір сүруге екінші мүмкіндік алып жатады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Десе де, олардың мойнында қандай жауапкершілік тұрғаны айқын. Медбикелер жұмыс барысында қандай сезімдерді бастан өткереді, қателесуге құқығың жоқ кезде шешім қабылдау қаншалықты қиын? Осы сұрақтарға ҚР ПІБ МО ауруханасының Анестезиология, реанимация, қарқынды терапия бөлімшесінің аға медбикесі Құндыз Жексембаева сұхбат барысында жауап берді.
- Реанимация бөлімшесі медбикесінің басқа медбикелерден айырмашылығы қандай деп ойлайсыз? Осы салада жұмыс істеу үшін адамға қандай қарым-қабілет қажет?
- Менің ойымша, жансақтау бөлімшесі медбикесі басқа медициналық қызметкерлерге қарағанда неғұрлым шыдамды әрі тәжірибелі болуы шарт. Біз науқастарға үздіксіз күтім жасаймыз, гигиеналық шараларын атқарамыз. Дер кезінде көмек көрсетіп, ауырсынуды басу үшін науқастардың неврологиялық, психикалық жағдайын 24 сағат бақылап отырамыз. Бұл оңай жұмыс емес екені белгілі. Оның үстіне, біз аса қауіпті дәрі-дәрмектермен жұмыс істейміз, күрделі медициналық аппараттар мен мониторинг жүйелерін толық меңгеруіміз қажет.
Мұнда жағдайы ауыр науқастар жататындықтан шұғыл жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білу – біздің басты міндетіміз. Бұл – үлкен жауапкершілік.

- Бөлімшедегі күнделікті жұмысыңыз қалай өтеді? Қандай тапсырмалар мен міндеттер жүктеледі?
- Мен аға медбике болғандықтан күн сайын медбикелердің жұмысын ұйымдастырамын, бөлім қызметкерлерінің арасындағы коммуникация мен тәртіпті қадағалаймын. Науқастарға көрсетіліп жатқан қызмет сапасын бақылап, пациент туралы мәліметтерді, олардың дәрі-дәрмегі жеткілікті ме, құрал-жабдықтар дұрыс жұмыс істеп тұр ма, палатасы, төсек-орны таза ма, осылардың бәрін тексеріп отырамын.
Жансақтау бөлімшесінде жағдайы ауыр пациенттер жататындықтан, аға медбике кез келген уақытта шұғыл жағдайларға дайын болуы керек.
.jpeg)
- Өзіңіз жұмыс істейтін бөлімшеде өлім мен өмір арасындағы пациенттер жататыны мәлім. Реанимация бөлімшесіндегі науқастармен, олардың туыстарымен эмоционалдық жағынан қалай жұмыс істейсіз?
- Иә, сөзіңіздің жаны бар. Бөлімшеде жататын науқастар да, олардың туыстары да әдетте күйзелісте болады. Сол себепті дәрігерлер туыстарына науқастың жағдайы туралы тұрақты хабар беріп отырады. Туыстарына бар жағдайды анықтап түсіндірген кезде олардың жеңілдеп қалатынын байқаймын. Біз олардың алаңдаушылығын, уайымын мұқият тыңдап, қиын сәтте жанашыр болуға тырысамыз. Себебі жылы қарым-қатынас, қолдау сол сәтте өте маңызды. Адамның сауығып кетуінің бірден-бір себебі осы деп ойлаймын.
.jpeg)
- ҚР ПІБ МО ауруханасында медбикелердің білімін, біліктілігін арттыру үшін қандай іс-шаралар өткізілетіні туралы айтып беріңізші.
- ҚР ПІБ МО ауруханасында медбикелердің кәсіби деңгейін арттыруға, білімін толықтыруға барлық жағдай жасалған. Бізде пациенттерге сапалы қызмет көрсету, қауіпсіздік талаптарын сақтау, оларға эмоционалдық көмек беру секілді тақырыптарға тұрақты түрде шеберлік сағаттары, курс пен презентациялар жасалып тұрады.
Бізден талап етілетін басты нәрсе – жұмысқа ден қойып, науқастарға сапалы қызмет ұсыну.

- Бұл мамандық сізге не үйретті?
- Реанимация бөлімшесінде жұмыс істеу өмірдің қаншалықты құнды екенін ұғындырды. Әр сәтті бағалай бастадым.
Кәсіби тұрғыда айтар болсам, жауапкершілікті сезінуге, эмоциялық тұрғыдан мықты болуға, командамен жұмыс істей білуге және шұғыл жағдайларда дұрыс шешімдер қабылдауға үйретті.
Біреулер бұл жұмысты қиын деп есептеуі мүмкін. Бірақ қиын болмаса, қызық та болмас еді. Мен мамандығымды бар қиындығымен бірге жақсы көремін.
- Әңгімеңізге рахмет!