Мәжілістің құрамын 70 пайызға жаңартып алдық – Нығматулин

30 Маусым 2021, 11:20
2253
Бөлісу:
Мәжілістің құрамын 70 пайызға жаңартып алдық – Нығматулин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс төрағасы Мәжілістің құрамы қаңтардағы сайлаудан кейін 70 пайызға жаңарғанын атап өтті.


Біз жетінші шақырылған Парламенттің алғашқы сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл сессия жұмысы қасиетті Отанымыз Қазақстанымызға 30 жыл толған мерейлі кезеңде басталды. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздік әрбір отбасын, әрбір қазақстандықтың зор мақтанышы және баға жетпес байлығы болып саналады. Себебі дәл осы 30 жылдың ішінде біздің еліміз барлық салада зор табыстарға жетті. Бүгінгі күні Қазақстанымыз бүкіл әлем мойындаған беделі жоғары, іргесі берік қуатты мемлекетке айналды, - дейді Нұрлан Нығматулин Парламент палаталарының бірлескен отырысында. 
Мәжілістің құрамын 70 пайызға жаңартып алдық – Нығматулин

Ол қаңтар айындағы Мәжіліс сайлауынан кейін төменгі палатаның құрамы 70 пайызға жаңарғанын және жаңа құрам барлық сала бойынша білікті тұлғалармен толыққанын атап өтті. 


Соңғы бір жылдан астам уақыттан бері еліміз пандемия салдарымен күрес жүргізіп келеді. Елдегі жағдай баршамыздың өмірімізге, жұмысымызға көптеген өзгерістер әкелсе де, Парламент бір күнге де өз жұмысын тоқтатпады. Еліміздің технологиялық жетістіктерін пайдалана отырып, белсенді еңбек етті. Барлық жиын, жұмыс топтары, комитеттердің кеңейтілген отырыстары, жергілікті әрі халықаралық кездесулер көп жағдай онлайн форматта өтті, - деді спикер.
Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар 2 айлық каникулға кетті.

Өзгелердің жаңалығы