Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов баяндама жасады.
Вице-министр атап өткендей, 2016 жылдың 6 мамырында Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізілді.
Мораторий мерзімі 2021 жылы 31 желтоқсанда аяқталады. Мораториймен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сонымен қатар шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге шектеу қойылды.
Мораторийдің мерзімінің аяқталуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға және қандастарға беруге толық тыйым салу туралы саяси шешім қабылдады. Бұл бойынша заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізілді. Осы ретте заң жобасы көзделген мораторийге дейін шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімін ұзарта алмайды. Алайда пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады, - деп баяндады ол отырыста.
Вице-министр қандастардың жерді қалай пайдалана алатындығына тоқталды.
Олар жеке қосалқы шаруашылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер ала алады. Бірақ ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар. Заң жобасымен Жер кодексі және үш заңға, оның ішінде үш үлкен заңға өзгерістер енгізіліп отыр, - деп қорытындылады Рүстем Құрманов.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық және заңнамалық теріс әсерлерді келтірмейді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында жерді шетелдіктерге сатуға мүлде тыйым салатын заңды Мәжіліске жолдағанын айтты.