Мәжілісте жаңа заң жобалары таныстырылды

22 Қыркүйек 2022, 12:27
927
Бөлісу:
Мәжілісте жаңа заң жобалары таныстырылды

Бүгін Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев депутаттарға «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының негізгі ережелерін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, заң жобаларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  мүдделі мемлекеттік органдармен, қызметкерлер, жұмыс берушілер және бизнес өкілдерімен бірлесіп әзірлеген. Сондай-ақ ведомство өкілі заң жобалары қабылданса, еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің байланысы нығайып,  жұмыс күшіне қойылатын тез өзгеретін талаптарға жауап беруге мүмкіндік беріледі деп отыр.

Технологиялық прогресті жеделдету және экономиканы цифрландыру Қазақстандағы еңбек ресурстарының сапасына жаңа талаптар қояды. Айта кету керек, бұрын білім 10 жыл бойы біліктілікті арттырусыз өзекті болды, бүгінде көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі 2 жыл бойы ғана сақталып отыр, - деп атап өтті Олжас Ордабаев.

Заңда қамтылған ұлттық біліктілік жүйесі: заманауи мамандар нені білуі және меңгеруі тиіс, деген сұрақтарға жауап береді.

Бұл сауалға жауап Ұлттық кәсіптер сыныптауышы, Ұлттық біліктілік шеңбері және оның негізінде әзірленген салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіптік стандарттар сияқты құралдардың көмегімен қалыптастырылатын болады, - деп түсіндірді вице-министр.

Бүгінгі таңда 623 кәсіптік стандарт жұмыс істейді, олар 2689 мамандықты қамтиды. Оларда белгіленген талаптар негізінде білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Осылайша, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі.

Заң жобасының маңызды жаңалығы — өз бетінше игерілген дағдыларды, сондай-ақ бейресми және ақпараттық білім беру нәтижелерін тану.

Азаматтар тиісті орталықтарда кәсіптік біліктілігінің бар екенін растайтын құжатты ала алады және егер бұл кәсіптік стандартта көзделген болса, бұл құжатты жұмысқа орналасу кезінде білім туралы дипломмен тең пайдалана алады, - деді ведомство өкілі.

Заң жобасы біліктілікті тану орталықтарын дамытуға серпін беретінін және қызметкерлерді өмір бойы құзыреттіліктерін жетілдіруге ынталандырады.

Сонымен қатар заңда кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру көзделеді.

Өзгелердің жаңалығы