Мәжілісте жалпы отырыстың күн тәртібі анықталды

25 Наурыз 2022, 14:55
1772
Бөлісу:
Мәжілісте жалпы отырыстың күн тәртібі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі жобасы нақтыланды.

Бюро отырысында депутаттар қарауына Қазақстан мен Түркі Академиясы арасындағы Түркі Академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылды.

Құжатқа 2020 жылғы 16 қарашада Түркітілдес мемлекеттер кеңесіне қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында қол қойылды және ұйымның Қазақстандағы қызметі кезеңінде мәртебесі мен артықшылықтары айқындайды, - делінген Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын ілеспе түзетулермен талқылайды.

Палатаның алдағы жалпы отырысында депутаттар өздері әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алады.

Аталған құжат мемлекеттік отбасылық саясатты қалыптастыру бөлігіндегі түзетулермен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жалпы және жеке алдын алу шараларын көздейтін нормаларды қамтиды.

Өзгелердің жаңалығы