Мәжілісте Су кодексі таныстырылды

Бөлісу:
Мәжілісте Су кодексі таныстырылды
Фото: pixabay.com

Мәжілісте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Су кодексінің жобасы мен оған іліспе заңды бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр биылғы су тасқыны және соңғы жылдардағы оқиғалар су ресурстарын басқару жүйесін реформалаудың аса маңызды екенін айқын көрсеткенін атап өтіп, Су кодексінің жобасын таныстырды.

Нұржігітов заң жобасы бес негізгі қағидатқа негізделіп әзірленгенін айтты.

Бірінші. Суды қоршаған ортаның, халықтың өмір сүру негіздері мен экономикалық дамудың ажырамас бөлігі ретінде тану;

Екінші. Мемлекеттің су ресурстарын пайдалану кезінде олардың экономикалық құндылығын тануы;

Үшінші. Жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану;

Төртінші. Су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалануға негізделген су үнемдеу;

Бесінші. Жұртшылықты су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі мәселелерді шешуге тарту;

Мәселен, жаңа Су кодексінде «су қауіпсіздігі» ұғымы алғаш рет енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерлерінен қорғауды қамтиды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамлеясында егер шұғыл шаралар қабылданбаса, судың тапшылығы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дағдарыстар туғызуы мүмкін екендігін атап өтті. Осыған байланысты, биыл Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және Су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді, - деді Су ресурстары және ирригация министр Мәжілісте.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде 42 жаңа су қоймасын салу, және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау жоспарда тұр. Сонымен қатар шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылады.

Нұржігітов 2030 жылға қарай 10 млрд текше метрге дейін су жинақталып, үнемделетінін жеткізді.

Сонымен бірге, жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану қағидаты, сондай-ақ Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құрылуына байланысты жаңа кодекс шеңберінде басқа уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардан жерасты су ресурстарын басқару функциясын министірлікке беру көзделген.

Өзгелердің жаңалығы