Мәжілісте шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілететін заң қабылданды

8 Қараша 2023, 13:43
800
Бөлісу:
Мәжілісте шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілететін заң қабылданды
Фото: Мәжіліс

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілету мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселе бойынша Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев баяндама жасады.

Заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмасын орындау үшін әзірленіп отыр. Бұл қадам экспорттық-кредиттік агенттік құруға бағытталған. Оған ұлттық институт мәртебесі берілетін болатын, – деді депутат.

Руслан Қожасбаевтың айтуынша, заң жобасы шикізаттық емес секторға бағытталған. Бұл бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Бұдан бизнес саласының өкілдері уақытты үнемдейді, сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары кеңейетін болады. Қазір экспорттаушы тауарды шетелге шығарғысы келсе, әртүрлі құрылымдарға жүгінуі керек. Осы заң арқылы барлығын экспорттық-кредиттік агенттік базасында жинағымыз келіп отыр, – деді депутат.

Сондай-ақ ол агенттік бизнес өкілдеріне кепілдік беретінін, қолайлы пайызбен қаржыландыратынын атап өтті. Бұл заң жобасы арқылы бизнес өкілдерін сақтандыру және қайта сақтандырумен қатар пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау сияқты құралдар пайда болады. Экспорттық операцияларға кепілдік беріліп, экспорттық-кредиттік агенттік Қазақстаннан тыс жерлерде кепіл болады.

Өзгелердің жаңалығы