Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Ақша қаражатын заңдастыру және терроризмді қаржыландыру, бұл - бүкіләлемдік проблема деп айтуға болады. Бұл - біздің ел үшін де маңызды мәселе. Оны болдырмау және алдын алу үшін заң деңгейінде әрқашан тиімді іс-шараларды қолға алу керек. Сол үшін Парламент депутаттары бастамашы болып, осы заң жобасын әзірлеп, мақұлданды, - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Бұл заң жобасы кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсартуды көздеп отырған көрінеді. Заң жобасының негізгі бағыттары бойынша лауазымды адамдар жүзеге асыратын ақша және өзге мүлікпен операциялар бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілейтін болады. Яғни саяси маңызы бар лауазымды адамдардың сеніп тапсырылған өкілеттіліктерін пайдалануына байланысты құқық бұзушылықтардың ықтимал жолын кесуге, осылайша, қаржылық ашықтыққа қол жеткізуге бағытталған.
Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы қабылданған заң өз кезегінде аталған қылмысқа қарсы мемлекеттік органдардың қызметін күшейтуге және нәтижесін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ұсынатынына сенім білдірді.