Мәжілісте Қазақстан мен Корея ынтымақтастық мәселелері талқыланды

14 Қыркүйек 2023, 08:21
887
Бөлісу:
Мәжілісте Қазақстан мен Корея ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Фото: parlam.kz

Мәжілісте Ерлан Қошанов Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Икпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселесін талқылады. Мәжіліс Спикері Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Былтыр елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды.

Осы жылдарда Қазақстан мен Корея көп бағытты әріптестікті нығайтуда жоғары табыстарға қол жеткізді. Ол, бірінші кезекте, елдеріміздің басшыларының еңбегінің нәтижесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Кореяға мемлекеттік сапары нәтижесінде екі ел Кеңейтілген стратегиялық серіктестікке қол жеткізді. Осы аптаның аяғында Ұлттық Ассамблеяның Төрағасы, әріптесім Ким Джин Пё мырзаның шақыруымен Корея Республикасына ресми сапармен барамын. Бұл сапардың басты мақсаты – екі ел басшылары уағдаластықтарын Парламент деңгейінде жалғастыру. Сонымен қатар Кореяның бастамасымен ұйымдастырылған «Орталық Азия – Корея Республикасы» Парламенттері спикерлерінің алғашқы конференциясына да қатысамын, – деді Е.Қошанов.

Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Ик Палата Төрағасының Кореяға сапарына сәттілік тілеп, достас елдеріміздің арасындағы парламентаралық байланыстың дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Өздеріңіз білесіздер, біздің еліміз 1950 жылдары өте кедей мемлекет болып, өнеркәсіп пен сауданың арқасында аяққа тұрды. Бүгінде дамушы және дамыған елдер арасындағы көпір секілді рөл атқарып келеді. Сіздің Кореяға сапарыңыз уақытылы болып жатыр деп ойлаймын. Сапар барысында Корея Премьер-министрімен, Парламент спикерлерімен кездесулер жоспарлануда, – деді Чжо Тэ-Ик.

Сонымен қатар Спикер болашақта достық топтар мен бейінді комитеттер деңгейіндегі байланысты одан әрі нығайтуға шақырды.
 

Өзгелердің жаңалығы