Мәжілісте ойын бизнесі мен лотерея қызметі талқыланды

16 Сәуір 2024, 23:18
312
Бөлісу:
Мәжілісте ойын бизнесі мен лотерея қызметі талқыланды
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжілісте ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасын талқылаған жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыс тобының жетекшісі, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев жобаға 50-ден аса өзгеріс пен толықтырулар ұсынылғанын атап өтті.

Бүгінде 21 жасқа толмаған азаматтардың құмар ойын ойнауына тыйым салынған. Дегенмен олардың арасында өзге адамның логині арқылы кіріп, ойнау фактілері бар. Осыны шектеу мақсатымен түзетулерге букмекерлік кеңселердің базасын Ұлттық банкпен, Қаржылық мониторинг агенттігімен, басқа да банктермен интеграция жасау ұсынылды. Яғни бейнеидентификация енгізіледі, ол арқылы азаматтың жеке деректері анықталатын болады.

Бүгін талқылаудан соң бірнеше норма Үкімет қорытындысына жіберілді. Оның ішінде букмекерлік кеңселерде, казинода ойнау жасын 25-ке дейін ұлғайту бар. Сондай-ақ қазір онлайн казиноға толығымен тыйым салынғанына қарамастан ойнаушылар қатары әлі күнге дейін артып келеді. Оның алдын алудың бірден-бір тетігі – олардың банк карталары арқылы шетелдік онлайн казиноларға төлем жасауға тыйым салу. Мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметшілерге қатысты антикоррупциялық шектеулер де қарастырылған. Тағы бір маңызды ұсыныс – құмар ойындардан өз-өзін шектеу, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда азаматтарда құмар ойындардан өзін 1 жылға дейін шектеу мүмкіндігі бар. Бұл мерзімді 10 жылға ұзарту ұсынылды. Осы уақыт ішінде ол шектеуді қайтып ала алмайды.

Заң жобасын талқылау жұмыс тобы отырыстарында одан әрі жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы