Мәжілісте ірі жобаларға Дүниежүзілік банк қаражатын тартатын келісім ратификацияланды

Ол келісім Дүниежүзілік банкімен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуына, сондай-ақ елдегі жобаларды тиімді және жедел жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін жасалды.

 Мәжілістің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 11:47
Бүгiн 2026, 11:47
106
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Бүгін Мәжілісте «Бір тараптан Қазақстан Республикасының Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы мен Көпжақты инвестициялар кепілдігі агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Заң жобасы Қазақстанның тұрақты даму мен өсуін жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Халықаралық қайта құру және даму банкімен, Халықаралық қаржы корпорациясымен және Көпжақты инвестициялар кепілдігі агенттігімен Әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялауды қарастырады, - деді Мәжіліс отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Бұл келісімге 2025 жылғы 18 маусымда Астанада қол қойылған. Жұманғаринның сөзінше, ол келісім Дүниежүзілік банкімен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуына, сондай-ақ елдегі жобаларды тиімді және жедел жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін жасалды.

Негіздемелік келісімде мемлекеттік кепілдікпен қарыздар мен гранттық жобаларды іске асыру кезінде Дүниежүзілік банктің саясаттары мен ережелерін қолдануға байланысты ұлттық заңнамадан өзгеше нормалар белгіленген. Атап айтқанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік, еңбек, гендерлік стандарттарды және Дүниежүзілік банк тобының ақпаратты көрсету нормаларын қолдану көзделеді. Өздеріңіз білетіндей, Дүниежүзілік банк — әлемдегі ең беделді халықаралық қаржы институттарының бірі. Біздің елде ол 30 жылдан астам жұмыс істейді. Көлік, білім беру, экология, цифрландыру, қаржы салаларында 8 млрд доллардан астам сомаға 50 жоба іске асырылған болатын, – деді министр.

Жұманғарин Дүниежүзілік банктің мемлекеттік кепілдікпен борыштарды іске асыру жөніндегі ережелері дамушы елдердің көпшілігінде қолданылатын ең үздік әлемдік тәжірибе екенін атады.

Әдетте мемлекеттік кепілдікпен берілетін борыштар ұзақмерзімді (35 жылға дейін) жеңілдетілген қаржыландыру түрі. Олар мемлекеттік қарыздың ұлғаюына әкелмейді және ұлттық бағдарламалық мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Осылайша, келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттің шығыстарын басым жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, - деді Ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, келісім күшіне енгеннен кейін төмендегі жобалар бойынша жұмыс басталады:

  • «Жезқазған-Қарағанды» және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолдарын қайта жаңарту және салу;
  • Қазақстандағы теміржол қатынасы мен көлік байланысын трансформациялау жобасын іске асыру;
  • Қамбарата ГЭС-1-ді салу және басқа жобалар.

Айта кетейік, ұзақмерзімді жоспар бойынша келісім аясында Дүниежүзілік банктің жобаларын іске асыру ЖІӨ-нің өсуіне, жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен ШОБ-ты дамытуға, инновацияларды ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға жәрдем көрсетеді.

2020 жылы Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі арасында ұқсас келісім ратификацияланған болатын. Жалпы келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді, - деді Жұманғарин.

Бұған дейін Мәжіліс жеке детективтік қызметке қатысты заң жобасын қарайтынын жариялаған едік.

Наверх