Мәжілісте азаматтық қорғау саласындағы проблемалар аталды

6 Желтоқсан 2021, 15:42
1314
Бөлісу:
Мәжілісте азаматтық қорғау саласындағы проблемалар аталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілісте «Азаматтық қорғау жүйесін дамыту туралы» деген тақырыпта өткен «Үкімет сағаты» кезінде Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева айтты.

Оның сөзінше, азаматтық қорғау жүйесін одан әрі дамыту – халықтың қауіпсіздігін және елдің экономикалық әлеуетін қамтамасыз етудің аса маңызды шарты.

Планетамыздағы климаттың жаһандық өзгеруі азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеу қағидаттары мен тетіктерін заман талабына сәйкес қайта қарау қажеттілігін тудырады. Бұдан басқа, азаматтық қорғау саласындағы проблемалық мәселелер төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі тиімді қызметті қиындатады, - деп айтты Кесебаева Мәжілісте.

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары осы саладағы мәселелерге тоқталды.

Біріншіден, елдің сейсмикалық қауіпті аудандарында өнеркәсіптік әлеуеттің 40%-дан астамы шоғырланған және ел халқының жартысына жуығы тұрады. Бұл ретте сейсмикалық қауіпті аудандардағы өнеркәсіптік және азаматтық ғимараттардың, инженерлік құрылыстардың едәуір бөлігі сейсмикалық тұрақтылық талаптарына сай келмейді. Екіншіден, республикада су тасқынының әсеріне ұшырауы ықтимал 925 қауіпті учаске бар, оның ішінде 189 елді мекенге еріген қар су қауіп төндіреді, - дейді ол.

Айтуынша, аймақтарда қажетті алдын алу инженерлік іс-шараларын жүргізу бойынша мақсатты жұмыстардың болмауы су басудан келетін залалды азайтуға кедергі келтіреді. Осының салдарынан шұғыл шаралар қабылдауға және су тасқыны мен су басудың салдарын жоюға, зардап шеккен халыққа келтірілген материалдық залалды өтеуге олардың алдын алуға қарағанда әлдеқайда көп қаражат жұмсалады.

Үшіншіден, аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары ауданының ауқымды болуы айтарлықтай проблема болып отыр. Жыл сайын көктемгі-жазғы кезеңде эпидемиологиялық ахуал шиеленісе түседі. Төртіншіден, ел экономикасындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі едәуір алаңдаушылық туғызып отыр. Өнеркәсіптің неғұрлым қауіпті салаларындағы және көліктегі авариялық деңгей жоғары болып қалып отыр, - деп атап өтті Балайым Кесебаева.

Сонымен қатар гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы күрделі болып отыр.

Тұрмыстық және өндірістік өрттердің көптеген фактілері, республиканың жекелеген объектілері мен қауіпті өндірістерінің авариялық тұрақтылығының жеткіліксіздігі, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріндегі авариялар және басқалар оған дәлел бола алады. Өңірлердің дүлей апаттарға дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі министрліктің аумақтық бөлімшелерінен және жергілікті атқарушы органдардан тиісті алдын алу шараларын күшейтуді талап етеді, - деп түсіндірді ол «Үкімет сағатында».

Өзгелердің жаңалығы