Мәжілісте ақпараттық қауіпсіздік туралы заң мақұлданды

27 Қыркүйек 2023, 10:55
904
Бөлісу:
Мәжілісте ақпараттық қауіпсіздік туралы заң мақұлданды
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын депутат Екатерина Смышляева таныстырды.

Оның айтуынша, заң ақпаратты, оның ішінде дербес деректерді қорғаудың құқықтық базасын қалыптастыруға арналған жұмыстың жалғасы болып саналады.

Бірінші блок жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына арналған.

Заң жобасында дербес деректердің айналымы және сақталуы саласында мемлекеттік бақылау енгізіледі. Заң жобасының нормасы операторлармен профилактикалық жұмысты да жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң жобасына сәйкес әрбір оператор реттеушіге дербес деректердің таралып кеткені туралы хабарлауы тиіс. Ақпараттың таралып кетуі анықталған сәттен бастап үш күн ішінде берілуі керек. Заң жобасының екінші блогы «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогы жұмысын құқықтық реттеуді ұсынады. Бұл шара ақпараттық жүйе зерттеушілерін ақпараттық жүйе қателіктері мен осалдықтарын анықтауға тартуға ықпал етеді, - деп атап өтті мәжілісмен.

Белгілі болғандай, басқарылатын хакерлік бұзу тапсырыс иелерінен келеді, қатынастар арнайы платформалар арқылы ресми түрде жасалады. Барлық жұмыстар заң аясында жүргізіледі. Әлемде мұндай платформалар ақпараттық қауіпсіздік бойынша үздік мамандарды тартады.

Заң жобасының үшінші блогы мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне ғана қызмет көрсететін мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығын құруға арналған. Бүгінгі таңда үш жүз елуге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысандары жұмыс істейді. Орталық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі жанында жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, мемлекеттік техникалық қызмет базасында бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтары репозиторийі құрылатын болады. Онда электрондық үкіметтің бағдарламалық өнімдерінің бастапқы кодтары сақталады. Бұл олардың нұсқаларын басқаруды қамтамасыз етеді, - деді Екатерина Смышляева.

Осылайша, ұсынылып отырған шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтеді. Жалпы электрондық үкіметтің тұрақтылығын арттырады деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы