Мәжілісмендер «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының жұмысшыларымен жүздесті

7 Шілде 2022, 17:00
1795
Бөлісу:
Мәжілісмендер «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының жұмысшыларымен жүздесті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Ирина Унжакова, Игорь Панченко және Зарина Камасова Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының еңбеккерлерімен кездесті. 

Аталған мекеме өндірісті шаһардың 400 мыңға тақау халқын таза сумен үздіксіз қамтып отыр.

Халық қалаулылары референдумнан кейін Парламентте қолға алынып жатқан іс-шаралар туралы ақпарат берді. Депутат Ирина Унжакованың айтуынша, коронавирус індеті мен қаңтар қасіреті елдегі көп жайтты өзгерткен. Олар түрлі саладағы олқылықтарды көрсетіп берді. Аталық, пандемиядан кейін биологиялық қауіпсіздік туралы заңға өзгерістер енгізіліп отыр. Ол індетке қарсы іс-әрекеттерді реттеу үшін жасалған. 

Қаңтар қасіреті қоғам қауіпсіздігі мәселесін де қайта қарауға міндеттеп отыр. Тәртіп сақшыларының бүлікті ұйымдастырушылар қатарынан табылуы, ел тыныштығын күзетуге арналған қару-жарақтың мемлекеттік төңкеріс жасау үшін қолданылуы қауіпсіздікті қамту саласында үлкен мәселелер бар екенін білдіреді. Оқ-дәрі қоймаларынан 3 жарым мыңдай қару қолды болды. Жанға бататыны сол, – қақтығыс салдарынан еш жазықсыз адамдар, оның ішінде балалар да оққа ұшты, – деді Ирина Унжакова.

Сол себепті, депутаттар құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша заңнамаларды, қаруды сақтау талаптарын күшейтіп отыр.

Депутаттар қаңтар оқиғасы шағын және орта бизнеске, өндіріс саласына да өз кесірін тигізгенін айтып, мемлекет тарапынан зардап шеккендерге өтемақы төленгенін жеткізді.

Жиында Ұлттық қор қаржысын пайдалану жөнінде де сөз болды. Кейбір қоғам белсенділері аталған қордағы қаражатты азаматтарға таратып беру керек деген пікірлер айтуда. Депутаттардың бұған айтар өз уәждері бар. 

Олар мұнайдан түскен табыстан құралатын қорды барынша тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді. 

Елімізде 1 баррель мұнайдың өзіндік құны 50 АҚШ долларына дейін жетеді. Ал әлімдік нарықта ол 100 долларға сатылады. Яғни, таза пайда – тек 50 доллар. Ал, Біріккен Араб әмірліктерінде қара алтынның өзіндік бағасы 8 доллар, таза пайда – 92 доллар. Оның үстіне елімізде мұнай өңдеу зауыттары аз, барлары Ресей мұнайын ғана өңдейді. Осындай ауыр жолмен жинақтаған қорды жай ғана таратып бергеннен ұтарымыз аз. Бұл қаржыны түрлі дағдарыс кезінде, пандемия кезінде қажетімізге жаратұан болатынбыз. Алдағы уақытта да аса қиың кезеңдерге сақтағанымыз абзал. Қазір ковид қайта көбейе бастады, күзге таман өршіп кетпесіне кім кепіл?! – деп түсіндірді Ирина Унжакова.

Депутаттар Мәжіліс қабырғасында конституциялық сот, прокуратура, саяси партиялар, сайлау туралы заңнамалар бойынша жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Конституцияға енген түзетулерден соң аталған заңдарды да Ата заңға сай реттеу қажет. 

Игорь Панченко елдегі су мәселесіне жіті тоқталды. Жалпы, бұл салада да мәселе жетерлік. Мәселен, Ресей мен Қытайдан бастау алып, елімізге келетін өзендердің су көлемі жылдан-жылға қысқарып барады. Сондай-ақ, елдегі егіс алқаптарын суару жүйесі ескірген, тиімсіз жұмыс істейді. Гидротехникалық имараттарға жауапты бірыңғай мекеме жоқ. Елдімекендерді ауызсумен қамтуда да кемшіліктер көп. Мамандардың айтуынша, алдағы он жылда көптеген су құбырларының пайдалану мерзімі бітеді. 

Өздеріңіз осы салада еңбек етіп жүргендіктен, мәселелер жақсы таныс деп ойлаймын. Елде жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр. Біз Үкіметке кодекске қатысты 66 ұсыныс бердік. Олар саладағы қордаланған мәселелерді шешуі тиіс, – деді ол.

Депутат Зарина Камасова биологиялық қауіпсіздік туралы заңның маңызына тоқталды. Жуырда ғана қабылданған ол заңға сәйкес енді індет кезінде дәрі-дәрмекті елге кіргізуде кедергілер болмауы керек. Барлығы заңда көрсетілген. 

Медицина саласы бойынша бірқатар жаңашылдықтар заңмен бекітілді. Айталық, бұрын шипажайлық емдеуге жолданған балаға ғана қызметтер тегін көрсетілетін, ал оны ертіп жүрген ата-анасы жолға, тұруға, ішіп-жемге ақыны өз қалталарынан төлейтін. Енді мемлекет сол қаржының 70 пайызын өтейтін болады. Бұған қажет қаражат қазынадан қарастырылып отыр. Сосын мүгедек баланың ата-анасы дәрігерге кезексіз кіру құқығына ие болды. Аз да болса, бұл да оларға көмек болады деп санаймын, – деді Зарина Айдарханқызы. 

Кездесуде еңбеккерлер тарапынан зейнетақы жасын қысқарту, азық-түлік бағасын тежеу, жалақыны көтеру сынды өзекті мәселелер көтерілді.

Елімізде орташа жалақы 280 мың деп хабарлайды теледидардан. Өзім 80 мың аламын, қалған 200 мыңы қайда кетіп жатқанын білмеймін. Жұмысым ауыр, жүк көліктерінің моторын жөндеймін. Зіл балғамен жұмыс істейміз. Апыстан асқан мен үшін ол оңай емес. Зейнет жасын азайтса, жақсы болар еді. Қара жұмысқа бұл жаста шамамыз жетпей жатады. Сосын, азық-түлік күн санап қымбаттауда. 10 мың теңгемен дүкенге барамыз, алатынымыз – жарты дорба тамақ, – деп мұңын шақты кәсіпорынның слесарі Николай Дроздов.

Депутаттар зейнетақы өте күрделі мәселе екенін, қазір Мәжілісте бұл проблема қаралып жатқанын жеткізді. Ал азық-түліктің қымбаттауына әлемдегі жағдайлар әсер етіп отырған көрінеді. 

Тамақтың бағасы бақуатты Еуропада да көтеріліп жатыр. Айталық, Германиядағы дүкендерде сөрелер босап жатыр. Кейбір тауарлардың шектеулі мөлшерде сатылатынын да біліп отырмыз. Осының бәрі бізге де салқынын тигізуде. Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс та жағдайды ушықтырып отыр. Десек те, инфляцияны тежеуге мемлекет барынша күш салуда, – деді осы ретте Ирина Унжакова.

Еңбеккерлер тарапынан қойылған өзге де сауалдарға жауап берген халық қалаулылары біраз сауалды өздеріне түртіп алды. «Мәселе айтылуы тиіс, Бәрі де заң аясында, өркениетті түрде шешілуі керек» дейді олар. Халықтың ұсыныс-тілектерін елордаға оралған соң депутаттар Үкіметке жеткізетін болады. 

Өзгелердің жаңалығы