Мәжілісмен мемқызметтегі қазақ тілінің жағдайын көтерді

5 Сәуір 2023, 15:46
1481
Бөлісу:
Мәжілісмен мемқызметтегі қазақ тілінің жағдайын көтерді
Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев қазақ тілінің жағдайын көтеріп, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевқа сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат өзінің сауалында мемлекеттік қызмет саласындағы қазақ тілінің жағдайын көтерді.

Самат Мұсабаевтың айтуынша, заңмен бекітілген биік мәртебесіне қарамастан, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызмет саласында ана тіліміздің ресми тілдің тасасында қалып отырғаны жасырын емес.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін - мән белгіленбейді» деп жазылған. Демек бұл, мемлекеттік қызметке өту барысындағы тапсырылатын тестілеуде қазақ тілінің қажеттілігі жоқ екенін білдіреді, - деді депутат.

Ол мысал кетіре келе, «Б» корпусының мемлекеттік қызметке өту сынағында 9 нормативтік құқықтық актілер бойынша қамтылған 130 сұрақтың белгілі бір межесі көрсетілген. Ал қазақ тілінен өту межесі айқындалмаған. Мұсабаев бұл ана тілге деген құрметтің мүлдем жоқтығын көрсететінін айтты.

Бізге түсініксіздігі, мемлекеттік қызметке өткен азаматтарға берілетін сертификатта «Үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден сәтті өтті» деп жазылады. Бұл анық көз бояушылық емес пе? Осыған орай мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде өткізілетін тестілеу кезінде қазақ тілі есепке алынып, үміткер 100% мемлекеттік тілден оң нәтиже шығару керек деген нормалар енгізілсін, - деп ұсыныс айтты депутат Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы