Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға төмендетуіміз керек – Тоқаев

15 Қаңтар 2021, 11:35
1902
Бөлісу:
Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға төмендетуіміз керек – Тоқаев
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің бірінші сессиясында айтты. 

Президент Парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілетінін айтты. 

Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әлі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар да бар, - деді Тоқаев. 

Президент саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға төмендету керегін айтты. 

Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді. Өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ, елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді. Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға болады. Осы мақсатта электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін пайдаланған абзал. Парламенттік заң шығарумен қатар, бақылау функциясы да бар екенін білесіздер. Оның тиімділігі халықаралық тәжірибеде дәлелденген. Ол аса маңызды құзыретті тиімді пайдалану қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмінің институционалдық негізін едәуір орнықтырады. Бұл менің «Күшті президент», «Ықпалды парламент», «Жауапты үкімет» деп аталатын саяси реформаларыммен үндесіп жатыр. Депутаттар халықтың мүддесін іс жүзінде қорғап, әрдайым табандылық танытуға тиіс, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы