Мәжіліске өту шегін 5%-ға түсіру бастамасы көппартиялы плюрализмге жол ашады

15 Қаңтар 2021, 13:09
1432
Бөлісу:
Мәжіліске өту шегін 5%-ға түсіру бастамасы көппартиялы плюрализмге жол ашады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке келуімен басталған саяси модернизация жалғасты жүзеге аса бермек, дейді Тarlan.kz интернет ресурсының бас редакторы Нұрғали Нұртай.

Президент VII шақырылымдағы Мәжіліс ашылуында ірі саяси реформалар пакетін жариялады. Бұл Президенттің үшінші, кезекті ауқымды саяси бастамалар пакеті. Тоқаевтың президенттікке келуімен басталған саяси модернизация жалғасты жүзеге аса бермек. Ең әуелі Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға түсіру бастамасы көппартиялы плюрализмге жол ашады. Мен білім алған Түркияда бұл меже 10 пайыз. Президент баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс екенін айтып, «барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн» деді. Бұл соңғы сайлауға келмей қалған 37 пайыз электораттың пікірін ескеру деп ойлаймын. Осы және онлайн-петициялар институтын енгізу қоғамның барлық пікірін ескеру және «құлақ асатын мемлекет» концепциясының айқын көрінісі. Қоғамдық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру азаматтық жауапкершілікті күшейтеді және мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді, - дейді сарапшы.
Нұрғали Нұртай Мемлекет басшысы жариялаған реформалар адам құқықтарын қорғауға бағытталатынын айтады.
Мемлекет басшысының саяси реформалары жүйелі және дәйекті. Күздегі екінші Жолдауында Президент ауыл әкімдерін сайлау туралы айтса, бүгін аудан әкімдерін сайлауға көшуді ұсынды. Ал Мемлекет басшысының жастардың даму индексін енгізу ұсынысы біз сияқты жастар үшін ең қолдайтын және қажетті бастама. Жастар арасындағы негізгі қажеттіліктер мен тенденцияларды анықтауға көмектесетіні анық. Жаңа парламент Президент бастамаларын жедел жүзеге асырады деп сенемін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы