Мәжіліс депутаттары Сенаттың Су кодексіне енгізген түзетулерімен келісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаттары Су кодексіне, сондай-ақ “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға Сенат енгізген түзетулерімен келісті.
Еске сала кетейік, Сенат өткен аптада суды пайдаланудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы деңгейіне қол жеткізуге, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоршаған ортаны сақтауға бағытталған жаңа Су кодексін қарады.
Депутаттар құжатты тұжырымдамалық тұрғыдан қолдады. Бұл ретте заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясы ұсынылды.
Атап айтқанда:
🔹Салық кодексінде көзделмеген салық салуды болдырмау мақсатында су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем жасау ережелері нақтыланды;
🔹Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органның елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру саласындағы құзыреті түзетілді;
🔹Су ресурстарын қорғауға арналған кірістер мен шығыстар туралы бюджет деректерін жариялау талаптары нақтыланды;
🔹Тексерілетін субъектілердің су инспекцияларының тексеру нәтижелері бойынша шешімдерге шағымдану құқықтары кеңейтілді;
🔹Инспекторларға тексеруге қатысы жоқ деректерді сұрауға тыйым салатын ережелер күшейтілді;
🔹Суды пайдалануды мемлекеттік бақылау ережелеріне өзгертулер енгізу ұсынылды;
🔹Су пайдалануға рұқсаттарды қайтарып алу негіздері нақтыланды;
🔹Иесіз сумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсету бойынша шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер енгізілді.