Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі Академиясы арасындағы Түркі Академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Министрдің сөзінше, Түркі Академиясын құру Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммитінде көтерілген.
Түркі Академиясы 2010 жылы Түркі әлемін зерттеу ғылыми орталығы ретінде жұмыс істеді. 2014 жылы халықаралық мәртебеге ие болды. Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиетін және мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағыттаған түркология саласындағы зерттеулерді жүргізу, - деп айтты Аймағамбетов.
Білім министрі баяндағандай, қазіргі таңда Академияға мүшелікке Қазақстаннан басқа, Қырғызстан, Әзербайжан және Түрік елдері еніп отыр. Ал Венгрия бақылаушы ел мәртебесіне ие.
Академияның штаб пәтері Нұр-Сұлтанда орналасқанына байланысты келісімнің мақсаты - елімізде жұмыс істеу кезеңіндегі Түркі Академиясының мәртебесін, оның артықшылықтарын айқындау. Академияда бүгінгі күні 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 2 қызметкер шетел азаматы. Келісім күшіне енгеннен кейін Академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуден өтуі тиіс болады, - деді ол.
Сөзінше, Академия ғылыми зерттеу жұмыстарымен, кітаптармен, журналдар шығарумен, Түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде, түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде үлкен белсенділік танытып келеді.