Мәжіліс Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді мақұлдады

3 Сәуір 2019, 10:58
4193
Бөлісу:
Мәжіліс Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс «Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.

«Аталған келісімге 2018 жылғы тамызда Ақтау қаласында қол қойылды. Құжаттың мақсаты – теңіздегі Каспий маңы мемлекеттерінің аумақтық суларынан тыс әскери кемелерінің жүзуі мен оның үстіндегі әуе кеңістігіндегі әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Келісімнің ережелеріне сәйкес, әр тараптың әскери кемелері мен әуе кемелері басқа тараптың әскери корабльдері мен әуе кемелеріне жақындаған кезде қауіпсіз арақашықтықта болуы және барынша сақтықты танытуы қажет», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.

Өз сөзінде Талғат Мұхтаров әскери кемелер мен әуе кемелері бір-біріне жақындаған кезде тыйым салынатын әрекеттерді атап өтті. 

«Біріншіден, жауынгерлік маневр жасау, қаруды, зымырандарды, ұшу қондырғыларын, қару-жарақтың түрлерін бұру жолымен шабуылдарды имитациялауға рұқсат етілмейді. Екіншіден, теңізде жүзу немесе ұшу үшін қауіп төндіретіндей және кедергі келтіретіндей қандай да бір заттарды тастамауы тиіс. Үшіншіден, кемелерді басқаруда кедергі келтіретіндей жарықтандыру құралдарын пайдалануға, сондай-ақ кемелердегі жеке құрамның денсаулығына зиян келтіруге немесе жабдықтарына залал тигізуге тыйым салынады», - деді Мұхтаров.

Оның айтуынша, ақпаратпен алмасу мен өзара түсіністікті өрістету үшін әскери корабльдер мен әуе кемелері келісімде айқындалған жиіліктердегі радиобайланысты пайдаланады. 

«Кемелердің іс-қимылдары мемлекеттердің егемендігі мен айрықша құқықтарына зиян келтірмей жүзеге асырылады. Келісімді іске асыру – теңіздегі Каспий маңы мемлекеттерінің әскери кемелері мен ұшақтары арасындағы өзара достық қарым-қатынасты арттыруға мүмкіндік береді», - деді Талғат Мұхтаров.

Өзгелердің жаңалығы