Мәжіліс депутаттары Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясына қатысты

24 Наурыз 2022, 18:04
1424
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясына қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы – «Еуразия» парламентаралық одағы геосаяси тобының төрайымы Айгүл Құспан бастаған делегация Индонезияда өткен Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясының жұмысына қатысты.

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжіліс аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жолғы Ассамблея жұмысы негізінен парламенттерді климат дағдарысына қарсы шаралар қабылдауға жұмылдыруға бағытталды.  Делегаттар климаттың өзгеруіне қарсы тұруға және климаттық келісімдерді жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелерге назар аударып,  «Жасыл» экономикаға көшуді жеделдету үшін Сovid-19-дан кейінгі қалпына келтіру кезеңін пайдалану қажеттігілігіне көңіл бөлді. Сондай-ақ қатысушылар шығарындыларды азайту бойынша бастамаларды заңнамалық қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқылады.

Мәжіліс депутаттары Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясына қатысты

Пікірталас барысында қазақстандық депутаттар Елдос Абақанов және Айжан Сқақова климаттың өзгеруіне қарсы күреске Қазақстанның ынталы екенін айта келіп, экономиканы терең декарбонизациялау бойынша ұлттық деңгейде іске асырылып жатқан шараларға және қолданыстағы заңнамалық тетіктерге, сонымен бірге, 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуі бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Ассамблеяның күн тәртібіне Украинадағы жағдай төтенше мәселе ретінде енгізілген болатын. Осыған орай, Индонезиялық және Жаңа Зеландиялық – екі қарар жобасы ұсынылды, олар келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге және қақтығысты жеңудің дипломатиялық жолдарын іздеуге шақырады. Бейбіт шешімдерді әзірлеуде парламенттердің рөлін арттыру мақсатында, қазақстандық делегация индонезиялық парламентшілердің Парламентаралық Одақта Украина бойынша мақсатты топты құру туралы бастамасын қолдады.

Мәжіліс депутаттары Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясына қатысты

Ассамблея аясында әйел-парламентшілер форумы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бейбіт үдерістерді ілгерілетудегі, тұрақты дамудағы, оның ішінде пандемия жағдайындағы әйелдердің рөлі болды. Делегаттар Сovid-19 кезінде аналардың, жаңа туған нәрестелер мен балалардың денсаулығын нығайту және пандемиядан кейінгі қалпына келтіру тәжірибесімен бөлісті. Аналар, жаңа туған нәрестелер мен балалардың денсаулығы, сондай-ақ сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізу тұрғысынан кедейлік пен теңсіздікке қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстандық делегация Жас парламентшілер Форумына да қатысты. Жастар форумының мақсатына сәйкес делегациялар жастардың ұлттық парламенттерге қатысуы туралы ақпараттармен алмасты.

Айта кету керек, Парламентаралық Одаққа қатысушы төрт елде ғана жастар квоталары жұмыс істейді, олар заң шығарушы органдарда да, саяси партияларда да жастар үшін орындарды заңнамалық түрде бекітеді. Қазақстан партиялық квоталар қолданылатын Парламентаралық Одақтың он сегіз елінің қатарына кіреді.

Ассамблея аясында екіжақты және көпжақты кездесулерге ерекше назар аударылды. 

Айгүл Құспанның төрағалығымен ТМД-ның он елі қатысатын «Еуразия» парламентаралық одағының геосаяси тобының отырысы өтті.

Ассамблея алаңында Айгүл Құспан Бахрейн ұлттық ассамблеясы Өкілдер Палатасының Төрайымы, Парламентаралық Одақтағы Араб геосаяси тобының төрайымы Фаузия бин Абдулла Юсуф Зайналмен кездесіп, дипломатиялық қарым-қатынас орнаған  30 жыл ішінде екі ел арасында белсенді саяси диалог орнағанын ерекше атап өтті. 2014 жылы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Айгүл Құспан өз сөзінде Бахрейн тарапына 1300 орынды жаңа мектептің құрылысын қаржыландырғаны үшін сондай-ақ Сыртқы істер министріне Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Орталық Азия-Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің Ынтымақтастық Кеңесі» диалог алаңының алғашқы жұмыс кездесуін ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс білдірді. 

Сонымен бірге Бахрейнді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшесі болуға, Қазақстанмен тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Ассамблея аясында Комитете төрайымы Индонезияның Халық Өкілдері Кеңесінің (заң шығарушы органның төменгі палатасы) мүшесі, парламентаралық ынтымақтастық комитетінің төрағасы, қорғаныс, сыртқы істер және ақпарат мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі Фадли Зонмен де кездесті. Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Біздің елдерімізді дәстүрлі достық және сенімді қатынастар байланыстырады. Келесі жылы Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде екі ел арасында қарқынды саяси диалог орнап,  жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін берік іргетас қаланғанын атап өткен Айгүл Құспан алдағы уақытта да бейінді комитеттер мен Қазақстан-Индонезия парламентаралық достық тобы желісі бойынша жүйелі диалог құрудың мүмкіндігі зор екенін алға тартты. 

Іс-шара барысында сондай-ақ Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекумен, Парламентаралық Одақтың Бас хатшысы Мартин Чунгонгпен, БҰҰ жанындағы Парламентаралық Одақтың тұрақты бақылаушысы, Венадағы Парламентаралық Одақтың Кеңсесінің Басшысы Бриджит Бреннермен, Парламенттермен және сыртқы байланыстар жөніндегі Парламентаралық Одақтың директоры Анда Филиппен, Түркия делегациясының басшысы-Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі Равза Кавакчы Кан, Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эрмен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды. 

Парламентаралық Одақ 1889 жылы құрылған, бүкіл әлемде бейбітшілікке, демократияға және орнықты дамуға жәрдемдесуді қоса алғанда, кең ауқымды өзекті мәселелер бойынша парламентаралық дипломатияға жәрдемдесетін ұйым саналады. 

Өзгелердің жаңалығы