Мәжіліс депутаттары өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады

24 Тамыз 2022, 21:40
1028
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Сәлімжан Нақпаев пен Нұрлыбек Ожаев Атырау облысына сапар барысында «Ембімұнайгаз» еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұнай саласы Атырау облысы үшін үлкен мәнге ие. Сондықтан мәжілісмендер Парламентте атқарылған жұмыстар туралы, мұнай саласына қатысты жалпы жұмыстардың бағытымен танысты. 

Жиында Атырау облысы үшін маңызды тақырыптың біріне айналған «Атырау Астрахан» тас жолындағы күрделі жөндеу жұмыстары туралы мәселелер көтерілді. Сонымен қатар өңірдегі «Индер-Қарабау» тас жолының облыс тұрғындары үшін де, тасымал үшін де маңызды екені айтылып, уақытылы бітірудің маңызды екені айтылды. 

Бұл жол жоспар бойынша бірнеше жылға созылады. Ол бар болғаны 80 шақырым. Биыл қаржы бөліп, қалғанын келесі жылға қалдырып, уақыт созып жүргенде жасалған жолдың тозып кетуі де мүмкін, – деді Нақпаев. 

Сондықтан депутат әлеуметтік маңызы бар мәселелердің орындалу барысы да қашан да үлкен мәнге ие екеніне тоқталды. Отырыста экологиялық ахуал мәселесі талқыланды. 

Осы күні Мәжіліс депутаты Нәзилә Раззақ Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы ауыз су құбырының құрылысымен танысып, құбыр желілерін және су қабылдау ғимараттарының құрылысын жүргізген «Интеллект Азия» ұжым өкілдерімен кездесті. 

Айта кету керек, су құбыры «AMANAT» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында пайдалануға беріліп отыр.

Мемлекет басшысы қоғамды толғандырған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу жөніндегі бірқатар міндеттерді атап өткен болатын. Оның ішінде бағаның өсуі, тауарлардың жекелеген түрлерін жеткізудегі бөгелістер, азық-түлік қауіпсіздігі, халық табысының төмендеуі, сондай-ақ елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету сынды мәселелер бар, – деді Мәжіліс депутаты.

Аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылының өзінде қазіргі кезде 30 мыңнан астам халық тұрады. Өткен жылдың желтоқсан айында үш жыл мерзімге созылған су қабылдау нысаны және су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, Сарыкемер ауылдық округі тұрғындарының игілігіне ұсынылды. Бірақ ауыз су мәселесі осымен шешілді және де өз дәрежесінде дей алмаймыз, – дейді ауыл тұрғындары.  

Өз кезегінде депутат аталған мәселелер жергілікті атқарушы, қадағалаушы мемлекеттік органдар мен депутаттар тарапынан да ерекше назарында болатынын айтты. 

Өзгелердің жаңалығы