Мәжіліс депутаттары еліміздің астық нарығын дамытуды ынталандырудың жаңа әдістерін ұсынды

12 Сәуір 2022, 21:13
1614
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары еліміздің астық нарығын дамытуды ынталандырудың жаңа әдістерін ұсынды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті еліміздің астық нарығындағы қазіргі жағдай бойынша отырыс өткізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Іс-шараға ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктерінің, сондай-ақ «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясының, Астық өңдеушілер одағының және Астық одағының өкілдері қатысты. 

Мәжіліс депутаттары еліміздің астық нарығын дамытуды ынталандырудың жаңа әдістерін ұсынды

Отырыста астықтың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етудің, оның ішінде ішкі нарықты қорғаудың, отандық өндірушілер мен қайта өңдеушілерді (ұн тартушыларды) қолдаудың, сондай-ақ қосылған құны бар өнім экспортын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінгі күні жаңа өнім алынғанға дейін елдегі ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін астықтың жеткілікті екенінін айтты. Сонымен қатар уәкілетті органдар тарапынан астық пен ұн экспортына квота енгізуді қоса алғанда, бағаның өсуін тежеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

Сонымен бірге астықты белгіленген арзандатылған бағамен сату арқылы,   Азық-түлік корпорациясы да ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. 

Алайда депутаттар уәкілетті органға сенімділік танытпады және бірінші кезекте елде астықтың бар-жоғы туралы бастапқы деректерді, сондай-ақ ішкі тұтыну бойынша мәліметтерді өзектендіру қажет екенін атап өтті.

Тұтастай алғанда депутаттар астық нарығын, қайта өңделген өнімге тыйым салулар мен квоталар енгізусіз, тек қана нарықтық әдістермен реттеудің орындылығы туралы пікір білдірді. Қосылған құн салығын қайтару, көлік шығыстарын, энергия құнын субсидиялау және басқа да шараларды қоса алғанда, отандық қайта өңдеушілерді қолдау жөнінде жүйелі шаралар әзірлеу қажет. Бұл ретте, терең қайта өңдеу өнімдерінің экспортын ынталандыру үшін кедендік баждарды шикізатқа (астық, майлы дақылдардың тұқымдары және т.б.) ғана енгізіп, одан түскен қаражатты тікелей отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағыттау керек.

Нәтижесінде, уәкілетті органдарға отандық астық нарығын дамыту бойынша нарықтың барлық қатысушыларымен келісілген жүйелі шаралар әзірлеу ұсынылды. Аталған мәселелер тұрақты түрде депутаттардың бақылауында болады.

Өзгелердің жаңалығы