Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мәжіліс депутаттары Астанадағы балаларды қолдау орталығына барды

5 Шілде 2025, 14:51
385
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Елордадағы бір топ Мәжіліс депутаты балаларды қолдау орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірлерге жасалған жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов пен «AMANAT» партиясынан сайланған депутат Снежанна Имашева Астана қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барды. Орталықта тәулік бойы жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, қараусыз және үй-күйсіз жүрген және девиантты мінез-құлқы бар кәмелетке толмаған балалар тұрады. Олар арнайы білім беру ұйымдарына жіберіледі.

Орталық директоры Индира Нұрмұхамбетованың айтуынша, мекеменің басты міндеті – балаларға қауіпсіз тұрмыстық жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар моральдық және психологиялық қолдау көрсету. Әрбір баламен тәрбиешілер мен мамандар жеке түрде жұмыс істейді. Олар өмірлік қиындықтарды жеңуге және жеке әлеуетін ашуға көмектеседі.

Кездесуде балалардың орталыққа қайталай түсуінің алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Осы жылдың басынан бері орталыққа 689 кәмелетке толмаған бала түсті, олардың 27-сі – қайталап түскендер. Негізінен олар қараусыз және үй-күйсіз жүрген балалар. Орталықтың жұмысымен танысқаннан кейін Магеррам Магеррамов ұжымның жоғары кәсібилігін атап өтті.

Соңында депутаттар әрбір баланың жарқын болашағын қалыптастыру ісінде мемлекет, қоғам және меценаттардың одан әрі белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы