Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмилә Нұрманбетова қаралып отырған заң жобасы Парламент Мәжілісі қарауына 2020 жылғы 2 сәуірде енгізілгенін, Заң жобасы балалардың мүддесі үшін заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын іске асыру мақсатында әзірленгенін айтты.
Заң жобасында балалардың, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға, кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасына бағытталған қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Жұмыс тобының қарауында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Олар жәбірлеу, буллинг ұғымын заңнамалық бекітуге, білім беру саласындағы уәкілетті органның білім беру процесінде жәбірлеу, буллинг профилактикасы тетіктерін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретін бекітуге, жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесінің қолданыстағы инфрақұрылым объектілерінде медициналық оңалту орталықтарын құру жөніндегі құзыретін кеңейтуге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алу үшін есепке қою мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқартуға, білім беру саласындағы уәкілетті органға педагогтардың оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерін таңдау қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ жекелеген пәндер бойынша базалық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді айқындау және бекіту жөніндегі құзыреттер беруге бағытталған, - деді депутат.
Заң жобасымен жұмыс істеу барысында мүдделі тараптар мен жұртшылық өкілдері пікірлерін ескере отырып, заң жобасының жекелеген нормалары қайта қаралып, пысықталды. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.
Жұмыс тобының 18 отырысы, комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілді.