Мазаны алған мал ұрлығы

16 Наурыз 2023, 20:12
1136
Бөлісу:
Мазаны алған мал ұрлығы
Фото: inbusiness.kz

Жетісуда мал ұрлығы азаяр емес. Мәселен 2021 жылы 195 қылмыс қозғалса, өткен жылы 108 ұрлық тіркелген. Әсіресе, Ақсу, Көксу аудандарында қылмыс өршіп тұр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі

Кейінгі кезде қандықол қасапшылардың кесірінен ауылдағы ағайын азын-аулақ малынан айырылып    қалып жатқан жағдайлар жиілеуде. Осыған орай, 2020 жылы Қылмыстық кодекске жаңадан «Мал ұрлығы» деген 188–1 бап енгізілген еді. Онда бірнеше рет мал ұрлаған қылмыскерге ең ауыр жаза – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру айтылған.

Расында жылдар бойы баптап-күткен малдың қолды болуы кімге де болса қиын. Сондықтан бұл мәселе тіршілігі төрт түлікке байланған халқымыз үшін үлкен түйткілдің бірі болып тұр. Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша көбіне мал соғым науқанында жоғалады. Мұндай жағымсыз оқиғалар қараша, желтоқсан, қаңтар айларында жиі болады. Қыр кезіп жайылған ірі қара мен уақ малдан көз жазып қалсаңыз болғаны, қарақшылар лезде қағып кетеді.

Қой мен ешкіге бақташы табу оңай емес. Қазір жұрт мал баққысы келмейді. Сол себепті кейде қолда бар малды еркіне жібереміз. Үйірдегі жылқылар тым асау, оларды алыстан бақылап отырамыз. Соның өзінде көзін тайып кетсе қарақшылар тап береді. Ит-құстан бұрын, солардан азап шектік қой. Полиция қызметкерлері бірін тапса, бірін таба алмайды. Ауылдағы қаншама кәсіпкерлер малынан айырылып қалды, - дейді Сарқан қаласының тұрғыны Ізтілеу Қайранбаев.

Оның айтуынша, ұрылар осы төңіректе жүр, алыстан іздеп әуреленбеу керек. Бірақ, солай дегеннің өзінде кімге барып жала жабасыз. «Ұрыға мал құтаймас» дегендей кейде көршісінің қорасына түсетін адамдар да кездеседі екен. Тіпті, таныс-білістің өзі тал түсте жымқырып кеткен кездер де болған.. Дегенмен статистика сүйенсек, өңірде былтырмен салыстырғанда мал ұрлығы 44,6 пайызға азайған. Бірақ, бұл көрсеткіш кейбір аудандарда әлі ұрлық-қарлықтың тиылмағанын көрсетеді.

Алдыңғы жылы Талдықорған қаласында 1 мал ұрлығы тіркелсе, өткен жылы бұл сан 10-ға жеткен. Сондай-ақ, мал ұрлығы Ақсу ауданында 39 пайызға, Ескелді ауданында 15,4 пайызға өскен. Биыл жыл басынан бері тіркелген 6 мал ұрлығы Көксу, Панфилов аудандарына екі-екіден, Ақсу, Ескелді аудандарына бір-бірден тиесілі, - дейді облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев.

Оның айтуынша, облыс орталығы мен кейбір аудандарда барымталық басылмай тұр. Осыған орай, облыс прокуратурасының Қоғамдық  мүдделерді қорғау басқармасы арнайы талдау жүргізген. Мұнда мал ұрлығының үш түрлі себебін көрсетеді. Әуелі – қараусыз қалған мал жоғалады. Малшымен қағаз жүзінде келісімшарт болмағандықтан, еркін жайылған мал ұрының қолына түседі не шығандап жайылады. Екіншіден – қораның бүтін болмауы. Қылмыстың дені қорасы жөнді қоршалмаған тұрғындардың үйінде болады. Бұл қарақшыларға кедергісіз ұрлауға сеп. Ал соңғысы таңбасы мен сырғасы болмағандықтан ұрланған малды тану қиынның қиыны. Мұны қазақтың немқұрайлығына қаратып айтуға болады. Іздеу кезінде мамандар арнайы таңбасы белгіленбегендіктен көп жағдайда ұрылар ұсталмайтынын айтады. Негізі санақ жүйесіне енгізілмеген малды құжатсыз тасымалдауға әкімшілік жауапкершілікке тартады. Сондықтан малды уақытылы тіркеу әрбір азаматқа міндетті.

Ауылдағы ағайының қорасы ашық-шашық жататыны көпке мәлім. Оны жасырып-жабарымыз жоқ. Кінәні ұры мен құзырлы органдағыларға арта беруге болмайды. Қолдағы әрбір малды сырғалап, таңбалап, құжаттарын реттеу шарт. Малыңыз көбейсін дасеңіз, жайылымға қараусыз жібермей, мұқият болған абзал. Егер өзі баға алмаса шопан тауып, міндетті түрде келісімшарт жасасқан жөн.

Тағы бір айта кететін жайт, кейде адамдар малы жоғалса, өзі іздемей жатып, арыз береді. Нақты іске көз жетпей тұрып, ұрланды деп айтуға болмайды. Полиция қызметкерлері тұрғындардың асығыс шешім қабылдайтынына наразы. Ондай жағдайлар жиі кездесіп тұрады.

Қараусыз кеткен малдың егістікке түсіп, диқандарды әбігерге салатыны аудандарда өткен кездесулерде жиі айтылды. Диқанның ерте көктемнен тырбанып, жаздың ыстығында еңбектеніп өсірген бақшасына түскен тұяқты мал бар дақылды жарамсыз етіп кетеді. Одан бөлек, қараусыз жүрген мал республикалық жолға шығып, автокөлік апатына себепкер болып жатады. Міне, осыған орай ішкі істер департаментімен бірлесіп, мал иелерінің жауапкершілігін арттыруды ойластырып отырмыз, - дейді М.Басшыбаев.

Иә, жер кезіп жайылған иесіз мал қараңғыда жол жағалап жүруі мүмкін. Жылқылар жылдамдықпен келе жатқаг көліктің жарығына ұмтыла қашатыны белгілі. Бұл бір адамның өмірін қияды. Ал мал ұрлығына қатысы бар әрбір қылмыскер жазадан құтыла алмақ емес, айып ауыр.. Оған Қылмыстық кодекске енгізілген 188–1 бап дәлел бола алады.

Өзгелердің жаңалығы