Майнерлер мүлде салық төлемейді. Депутат жас министрді сынға алды

25 Мамыр 2022, 13:16
1286
Бөлісу:
Майнерлер мүлде салық төлемейді. Депутат жас министрді сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Майнерлер арзан энергия алса да, жоғары салық төлейтін болады» деп айтқан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан сынға алды.

Мәжілістің жалпы отырысында Әлібек Қуантыров майнерлерге салық төлету мәселесі туралы баяндама жасап, депутаттар сұрағына жауап берді.

Біз цифрлық майнингке салықты 1 кВт сағатқа 1 теңгеден 10 теңгеге дейін ұлғайту керегін айтып, ұсыныс айттық. Содан кейін бизнес қоғамдастық және тиісті ассоциациялармен ақылдастық. Салықты дифференциациялау туралы шешімге келдік. Неге десеңіз, қазір біздегі майнерлер өте төмен салық төлеп жатыр. Енді сараланған салық энергия құнына байланысты болады. Яғни ешқандай айырмашылық болмайды. Қымбат энергия сатып алса, төмен салық төлейді. Ал арзан энергия алса, жоғары салық төлейді. Мысалы, олар тап ГРЭС-тің қасында фермаларын орналастырса да айырмашылық болмайды. Майнерлер келгенге дейін Қазақстанда электр энергиясы профицит болған еді, олар келгеннен кейін тапшылық пайда болды. Қазіргі қабылданып жатқан шаралар, Үкіметтің пікірі бойынша, энергобалансты қалпына келтіруге себептігін тигізеді, - деп айтты министр Қуантыров.

Оның айтуынша, майнерлер 1 кВт сағат энергияға аз дегенде 1 теңге, көп дегенде 10 теңге төлейді.

Бірақ депутат министрдің бұл сөзін теріске шығарды.

Құрметті Әлібек Сәкенұлы, бір сөзіңізде Қытай майнерлерді қуып кетті дедіңіз. Олар қуып кеткен жоқ, нарығынан шығарып жіберді. Жалпы табыс табу, халықты асырауды Қытайдан үйренуіміз керек шығар. Қытайлар майнерлерді неге шығарып тастағанына анализ жасау керек. Тағы бір сөзіңізде майнингтен өте төмен салық түседі деп айттыңыз. Майнерлер мүлде салық төлемейді. Өйткені онсыз да тапшы энергиямызды алып, өз пайдасына жаратып жатыр. Мысалы, оңтүстік өңірлерде шаруалар дақылын аман сақтау үшін электро сорғылармен су шығарады. Соған кезінде электр энериясы табылмай, түннің бір жарымында тұрып жұмыс істейтін. Сіздер майнерлерге тағы да заңдастырып тұрып мүмкіндік бермексіздер. Бұл мәселеде Қазақстанның энергия жүйелерінің операторынан қай жерде энергия артық екені жөнінде анықтама алуымыз керек. Ал енді сізге энергетик ретінде бізде артық электр энергиясы жоқ екенін айтайын. Мүлде жоқ. Электр энергиясын көмір жағу тәрізді өте лас әдістермен тауып отырмыз. Ол біздің табиғатқа зиян. Бұл мәселеге көңіл бөліп, майнерлерді орналастыратын жерді алдымен зерттеу керек, - деді депутат Құдайберген Ержан.

Бұған министр жауап бермеді. 

Өзгелердің жаңалығы