Мәйіттік донордың бүйрегі елордалықты өлімнен құтқарып қалды

1 Желтоқсан 2022, 11:54
2530
Бөлісу:
Мәйіттік донордың бүйрегі елордалықты өлімнен құтқарып қалды

Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында мәйіттік донордың көмегімен бүйрек ауыстыру операциясы жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, Шымкентте «ми өлімі» тіркелген донордың туыстары марқұмның ағзаларын алуға рұқсат берген. Осылайша, донор ағзасына мұқтаж бес адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік туып отыр. 

Мәйіттік донордың бүйрегі елордалықты өлімнен құтқарып қалды

17 қарашада Шымкенттегі №1 қалалық ауруханада «ми өлімі» диагнозы анықталды. Оның туыстары марқұмның ағзаларын алуға рұқсат берді. Кардиохирургиялық бригадамен біздің орталықтың трансплантолог-хирургтары Шымкент қаласына санавиация ұшағымен ұшып барып, сонда мультиорганды алу отасы жасалды. Яғни ота кезінде жүрек, өкпе, екі бүйрек пен бауыр алынды, - деп атап өтті Ұлттық ғылыми онкология орталығы Ағза трансплантациялау секторының аға ординаторы, дәрігер хирург, трансплантолог Мэлс Асықбаев.

Айтуынша, жүрек пен өкпе  Кардиохирургия орталығына берілген. 

Мәйіттік донордың бүйрегі елордалықты өлімнен құтқарып қалды
Трансплантация жасаған дәрігерлер санавиация ұшағында.

Біздің орталықта бір бүйрек трансплантациясы жасалды. Бауыр Шымкент қаласында сол №1 қалалық ауруханада қалды. Бір бүйрек Алматы қаласындағы Сызғанов орталығына жөнелтілді. Біз мәйіттік бүйрек трансплантациясын 17 қараша күні кешке жасадық. Ота сәтті өтті. Бүйрек жеткіліксіздігімен күту парағында тұрған пациентке салынды. Пациенттің қазіргі жағдайы жақсы. Салынған донорлық бүйректің функциясы қалпына келді. Бүйрек жұмыс істеп тұр. Пациент бөлімшеге ауыстырылып, қазір палатаға шығарылды. Толыққанды емін қабылдап жатыр, - деді дәрігер.

Айта кетерлігі, елімізде 8 мыңнан астам адам ағза трансплантациясына мұқтаж. 

Өзгелердің жаңалығы