Майқайың – Екібастұз жолында бірқатар заң бұзушылық анықталды

31 Қазан 2019, 00:58
1796
Бөлісу:
Майқайың – Екібастұз жолында бірқатар заң бұзушылық анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысындағы "Майқайың - Екібастұз" жолының сапасын тексеру кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталды, деп хабарлады "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК баспасөз қызметі.

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК бас директоры З. Сағынов қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерімен бірге облыстық "Майқайың - Екібастұз" жолына барды.

Аталған нысан 2017 жылы пайдалануға берілген. Жоба құны - 1 млрд 563,4 млн теңгені құрады. Жалпы ұзындығы – 18 км. Тапсырыс беруші - "Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" ММ, мердігерлер - "Гидропром" ЖШС және "Статус Люкс" ҚК.

Алайда, атқарылған жұмыстарға қарамастан, бұл учаскелерде жолдың асфальтбетон жамылғысында жарықтар, шұңқырлар пайда болып, асфальт шытынауы байқалады.

"Осы уақытқа дейін де филиал қызметкерлері нысанға барып, жол-құрылыс материалдарын тексеріп, үстінгі қабаттан 10 және төменгі жабын қабатынан 10 сынама үлгісін алды. Ал бұл жолды тексеру барысында алынған материалдар асфальттың қалыңдығына сәйкес келмеді, суға қанығу мен тығыздық коэффициенттері де дұрыс емес мөлшерде екені анықталды. Соның салдарынан асфальт қабынуға ұшырап жатыр", - делінген хабарламада.

Барлық бұзушылық фактісі бойынша тапсырыс берушіге, мердігерге және уәкілетті органдарға бұзушылықтарды жою туралы хат жіберілді.

Замир Сағынов мұндай жол тексерісі қоғам белсенділерімен бірге жалғасатындығын хабарлады. Оның айтуынша, азаматтар жолдың сапасына байланысты кез-келген өтініш пен ұсынысы бойынша орталыққа +7 (7172) 739-739 телефоны арқылы хабарласа алады.

Өзгелердің жаңалығы