Май ауданында 500 итке құтырмаға қарсы вакцина егілді

3 Қазан 2020, 04:45
1387
Бөлісу:
Май ауданында 500 итке құтырмаға қарсы вакцина егілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұндай вакцина жылқы, ұсақ және ірі қара малға да егілген. Бұл туралы Май аудандық ветеринарлық станциясының басшысы Мұратбек Тілеубаев 2020 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстардың есебі туралы өткен тікелей эфирде мәлім етті.

Май ауданының 11 ауылдық округінде ветеринарлық пункттер жұмыс жасайды. Олар автокөліктер, дәрі-дәрмектер сақтайтын тоңазытқыштармен, мамандармен қамтылған. Мемлекет тарапынан аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу үшін биыл ауданымызға 47 миллион 300 мың теңге қаражат бөлінді. Ол мамандардың еңбекақысы, авткөліктердің жанар-майына, құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады. Дәрі-дәрмек, вакциналар мемлекет тарапынан бөлінеді, - деді Мұратбек Тілеубаев.
Мұратбек Тілеубаевтың айтуынша, ең басты аса қауіпті инфекциялық ауру «Сібір жарасы» болып табылады. Қазіргі уақытта Май ауданында бұған қарсы 26250 ірі қара мал, 51900 бас ұсақ мал, 12300 бас жылқы егілді.
Келесі үлкен ауру – құтырма ауруы. Біздің ауданда ол кездесіп тұрады. Жайылымы алыс жерлерде, табиғи ошақтарда, қарсақ, түлкі көбейген жерлерде кездеседі. Биыл ауданымызда бұл ауру тіркелген жоқ. Баянауылда тіркелді. Ол көршілес аудан болғандықтан бізге келуі мүмкін. Сондықтан алдын алу үшін біз екпе жұмыстарын жүргіземіз. 1050 бас ірі қара мал, 1800 бас қой, 400 бас жылқы, 500 бас ит егілді, - деді Мұратбек Тілеубаев.
Сонымен қатар, ауданда пастереллёз, жылқы ринопневмониясы, жылқы сақауы, брюцеллез және өзге де инфекциялық ауруларға қарсы екпе жүргізілген.


Мұратбек Тілеубаев ауданда қаңғыбас бір итті жоюға 2300 теңге жұмсалатынын атап өтті. Биыл ауданда 459 ит жойылған.

Көп тұрғындар итті жою оңай деп ойлайды. Ол – үлкен шаруа. Иттер инемен, улы дәрімен атылып, ұйықтататындай әдіспен жойылады. Биыл ит жоюға 1 миллион 53 мың теңге қаражат бөлінген. Біз оған дәрі-дәрмек сатып аламыз, маманның еңбек ақысы, жанармай да бар. Сонда бір итті жою құны – 2300 теңгеге айналады. Бұл бағытта арнайы топ бар. Әр ауылға әкімдердің сұранысы бойынша шығып отырады. Бұл жұмыс жылда жасалады. Қаңғыбас иттер азаймайды. Ауыл ішінде адамдар көбейтеді. Олар даладан келмейді ғой. Сондықтан тұрғындар иттерін байлап ұстаса, керек емес иттердің басының санын көбейтпесе екен, - деді ветеринарлық станция басшысы.
Жауапты маман қазіргі уақытта облыста орын алып жатқан құс тұмауына да тоқталды.
Құс тұмауы – қауіпті, таралу қаупі өте жоғары індет. Оған бізге 10 мың доза вакцина бөлініп отыр. Ауданымыздағы ауылдарда құстың саны 10 мың төңірегінде. Көп деп айта алмаймыз. Індеттің алдын алу үшін құстарды қорада қамап ұстау керек. Құста өзгеріс болса, міндетті түрде дәрігерлерге хабарласу қажет, - деді Мұратбек Тілеубаев.

Өзгелердің жаңалығы