Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мәулен Әшімбаев: Тұңғыш президенттің Мәскеуге сапары жеке сипатта өтті

Әсел ӘБІЛБЕК
26 Маусым 2025, 14:17
1532
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
VIDEO
Фото: BAQ.KZ - архив

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Мәскеуде Ресей басшысымен кездесуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенат төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Мәскеуге сапары жеке сипатта болғанын жеткізді.

Бұл сапардың ешқандай ресми мәртебесі болған жоқ. Бұрынғы президенттердің өзге елдердің саясаткерлерімен кездесуге, сапарға шығуға құқығы бар. Мұның бәрі жеке шаралар аясында өтеді. Тұңғыш Президенттің қандай да бір өкілеттігі жоқ. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, еліміздің сыртқы саяси стратегиясын қалыптастыруға қатысты барлық мәселелер қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құзырында. Сіздер білесіздер, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшылығы, Ресей Президенті Владимир Путин үнемі байланыста, тұрақты түрде кездесіп, телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты қарым-қатынастарды дамыту үшін тығыз жұмыс жүргізіп келеді, - деді ол.

Сенат төрағасының айтуынша, қандай да бір жеке кездесулер мен әңгімелерге тым көп мән берудің қажеті жоқ.

Еліміздің дамуына қатысты барлық мәселелер, сондай-ақ сыртқы саяси стратегиямызға қатысты барлық бағыттар бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен табысты жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан сыртқы саясатта елеулі жетістіктерге қол жеткізуде, елімізде ауқымды саммиттер өтуде, маңызды келісімдерге қол жеткізілуде, - деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы