Мәулен Әшімбаев Президенттің бастамаларын іске асыру жолында әріптестерін белсенділік танытуға шақырды

17 Наурыз 2022, 10:56
1944
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев Президенттің бастамаларын іске асыру жолында әріптестерін белсенділік танытуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Палата спикері Мәулен Әшімбаев Президенттің бастамаларын іске асыру жолында әріптестерін белсенділік танытуға шақырды.

Жолдауда Қазақстан халқы ассамблеясы квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі. 

Бұл шешім қоғамды келісім мен ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан біздің әлеуетімізді арттыратыны сөзсіз. Президент заңдардың қабылдану тәртібіне қатысты да тың нормалар ұсынды. Олар еліміздің қазіргі дамуындағы үрдістер мен талаптарға толығымен сай келеді. Мұның бәрі ең жоғарғы өкілді орган жұмысының тиімділігін арттыру үшін жасалып отырған қадамдар. Осылайша Мемлекет басшысы Парламенттің, оның ішінде Сенаттың жұмысына қатысты қоғамдағы түрлі пікірталасқа біржола нүкте қойды, - деп айтты Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Парламенттің республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейту мәселесін де назардан тыс қалған жоқ.

Мемлекет басшысы Есеп комитетінің орнына Жоғарғы аудиторлық палата құру мәселесін көтерді. Сонымен қатар Жолдауда саяси бәсекелестікті және партиялық жүйені дамыту шаралары туралы айтылды. Сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты да нақты ұсыныстар сөз болды. Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарының жұмысын жандандыратын басымдықтардың да маңызы зор, - деді ол.

Айтуынша, Президент Мәслихаттардың рөлін арттыру, олардың дербестігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамаларды жариялады. Бұл азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайтатыны анық.

Мемлекет басшысы әділетті және құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында Конституциялық сот құруды ұсынды. БАҚ пен азаматтық қоғам институттарының жұмысын жаңғырту ісіне де көңіл бөлінді. Жолдауда дағдарысқа қарсы шараларды әрі қарай белсенді түрде жалғастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Осы ретте көтерілген мәселелер қоғамның қажеттілігі мен сұранысына енгізілгенін атап өткен жөн. Бұған дейін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында саяси реформалардың 4 топтамасы жүзеге асырылды, - деп айтты Әшімбаев Сенатта.

Оның сөзінше, жаңа Жолдаудағы тың бастамалар солардың лайықты жалғасы болып отыр. Бұл бастамалар еліміздің саяси, әкімшілік, аумақтық және әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

Оның бәрін сапалы және нәтижелі іске асыру үшін заңнамалық тетіктер керек. Сондықтан Президент Жолдауда айтқан басымдықтарды орындау үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажеттігін айтты. Одан бөлек, осы жылдың соңына дейін 20-дан астам заң қабылдау керек. Яғни біздің алдымызда үлкен мақсаттар бар. Сол себепті алдағы уақытта жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізуіміз қажет. Заңдарды қабылдау кезінде халықтың, азаматтық қоғам өкілдерінің сарапшылардың пікірлерін ескеру аса маңызды. Президенттің бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау – біздің басты міндетіміз. Сол себепті қазір нақты бел буып, білек түріп, жұмыс істейтін кезең. Халықтың бізден күтетіні де, талап ететіні де сол. Сондықтан Президенттің бастамаларын іске асыру жолында белсенділік танытып, алға қойған мақсаттардың табысты орындалуы үшін бәріміз бірге аянбай еңбек етейік, - деп айтты Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы