"Ақтөбе" футбол клубы жарақат алған жанкүйер Аянай Елтоқоваға табыстаған сыйлықтар OLX платформасында сатылымға қойылды. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен хабарландыруларда Луиш Нанидің қолтаңбасы қойылған футболка мен екі жылдық абонемент ұсынылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Хабарландыру мәліметіне сәйкес, №17 нөмірлі футболшы – Луиш Нани қолтаңба қалдырған футболка 400 мың теңгеге бағаланған. Ал екі жылдық абонемент 60 мың теңгеге сатылымға шығарылған.
Желі қолданушылары футболканы сату туралы жарияланған фотода Нанидің жанында тұрған жас жігітті жарақат алған Аянай Елтокованың күйеуі деп таныған. Бұған дейін әйел «Ақтөбе» мен «Алтай» арасындағы матч кезінде жарақат алып, кейін клуб тарапынан кешірім әрі қолдау ретінде арнайы сыйлықтар алған болатын. Сыйлықтарды Луиш Нанидің өзі табыстаған еді.
Бұл жағдайдан кейін әлеуметтік желіде пікір екіге бөлінді. Бірі сыйлық иесі оны өз қалауынша пайдалануға толық құқылы екенін айтса, енді бірі мұндай естелік сыйлықтарды ешқашан сатпас едік деп жазуда.
Әзірге хабарландырулар белсенді күйде тұр. Демек, бірнеше күн өтсе де, футболка мен абонементтер әлі сатылмаған.