- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Мәслихаттардың ықпалы артады: Депутаттар өңірлердегі қандай мәселелерді шешуі керек
Мәслихаттардың ықпалы артады: Депутаттар өңірлердегі қандай мәселелерді шешуі керек
25 Қараша 2026, 18:47
Қазақстанда жергілікті мәслихаттардың рөлі өзгеріп, депутаттардың өңірлік басқару жүйесіндегі жауапкершілігі күшейіп келеді. Соңғы жылдары олардың заңнамалық құзыреті кеңейіп, жергілікті бюджеттердің көлемі де бірнеше есе артқан.
Енді мәслихат депутаттарынан қаржының тиімді жұмсалуын қадағалап қана қоймай, инфрақұрылымдық жобалардың сапасына бақылау жасап, тұрғындардың мәселесін шешуге белсенді араласу талап етіледі. Бұл туралы «Әділет» партиясының базасында өткен TALQYLAU диалог алаңындағы талқылауда айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәслихаттар өңірлік саясатта қандай рөл атқарады?
«Сайлау – 2026: биліктің жаңа архитектурасындағы мәслихаттар» тақырыбындағы кездесуге Құрылтай депутаттары, саясаттанушылар, сарапшылар, мәслихат өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Олар саяси жүйедегі өзгерістер жағдайында жергілікті өкілді органдардың міндеттері мен мүмкіндіктерін талқылады.
Жиынды Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Айдос Сарым жүргізді. Оның пікірінше, мәслихат депутаттарының жұмысы ең алдымен өздері сайланған аумақтың қажеттіліктеріне бағытталуы керек.
«Мәслихаттар – өңірлік, жергілікті деңгейдегі орган. Болашақ депутаттар нақты бір елді мекеннің, ауданның, облыстың немесе қаланың күн тәртібі мен тұрғындардың көңіл күйін ескеруі керек», – деді Айдос Сарым.
Бұл ретте жергілікті депутаттардың міндеті жалпыұлттық саяси мәселелерді талқылаумен шектелмейді. Олар өз өңіріндегі әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық түйткілдерді жақсы біліп, сол мәселелердің шешілуіне ықпал етуі қажет.
Кездесуде мәслихат сайлауы жергілікті өкілді органдарды жаңарту үдерісінің маңызды кезеңі екені де айтылды. Құрылтай депутаты Марат Шибутов алдағы науқанның жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы мәслихат сайлауы болатынына назар аударды.
Жергілікті бюджет 2,8 есе өсті
Мәслихаттардың ықпалын арттыратын негізгі факторлардың бірі – олардың құзыретінің кеңеюі және жергілікті бюджеттердің ұлғаюы.
Құрылтай депутаты Марат Шибұтов келтірген мәлімет бойынша, 2019 жылы жергілікті бюджеттердің кірісі 6 триллион 39 миллиард 951 миллион теңгені құраса, 2025 жылы 17 триллион 39 миллиард 799 миллион теңгеге жеткен. Осылайша, алты жыл ішінде кіріс көлемі 2,82 есе артқан.
Шығыстар да осыған шамалас қарқынмен өскен. 2019 жылы жергілікті бюджеттердің шығысы 5 триллион 950 миллиард 203 миллион теңге болса, 2025 жылы 16 триллион 743 миллиард 19 миллион теңгеге жеткен. Бұл – 2,81 есе өсім.
Сонымен қатар мәслихаттардың заңда бекітілген өкілеттіктері де көбейген. 2019 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда барлық деңгейдегі мәслихаттарға 13 жаңа құзырет берілген. Нәтижесінде олардың заңнамадағы құзыреттерінің жалпы саны 18-ден 31-ге дейін ұлғайған.
Марат Шибұтовтың айтуынша, мұндай өзгерістер жергілікті депутаттардың саяси салмағын арттырады.
«Құзыреттер көбейіп келеді. Бұл әр депутаттың және жалпы мәслихаттардың билікке ықпал ету мүмкіндігі артқанын білдіреді. Мәслихат депутаттары саяси тұрғыдан әлдеқайда маңызды субъектілерге айналып отыр», – деді ол.
Яғни бюджет көлемі мен өкілеттік артқан сайын мәслихаттардың қаржыға қатысты шешімдер қабылдаудағы және олардың орындалуын бақылаудағы рөлі де күшейе түседі.
Халықтың жергілікті билікке сенімі қалай қалыптасады?
ЕҰУ проректоры Индира Рыстина жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуы демократиялық үдерістердің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Ол 30 мемлекетте жүргізілген 2024 жылғы халықаралық сауалнама нәтижелерін мысалға келтірді. Зерттеу бойынша, жергілікті қауымдастықтарға деген сенім деңгейі 49 пайызды, ал ұлттық институттарға деген сенім 40 пайызды құраған.
Спикердің пікірінше, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруда мәслихаттармен қатар қоғамдық кеңестер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік органдардың да орны бар.
«Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуы елдегі кез келген саяси процестің дамуы үшін өте маңызды», – деді Индира Рыстина.
Осы тұрғыдан алғанда, тұрғындардың жергілікті шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуы және қоғамдық бақылау тетіктерінің жұмыс істеуі маңызды. Өйткені халықтың билікке деген сенімі көбіне күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелердің қалай шешілетініне байланысты.
«Халықтық құрылыс» жобаларына депутаттық бақылау қажет
Талқылауда өңірлердегі инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуы да назарға алынды.
Саясаттанушы Талғат Қалиев мәслихат депутаттарының жергілікті тұрғындармен байланысы берік екенін және олардың өңірлердегі өзекті мәселелерден жақсы хабардар екенін айтты. Оның пікірінше, мәслихаттар болашақ аймақтық көшбасшылар қалыптасатын саяси алаңға айналуы мүмкін.
Сарапшы алдағы жылы басталатын «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше тоқталды. Қазақстанның әр өңірінде көптеген инфрақұрылымдық нысан салынатындықтан, олардың сапасы мен қаржының тиімді жұмсалуына бақылау жасау қажет.
«Олардың сапасын кім бақылайды? Бұл қаражаттың мақсатты пайдаланылуын кім қадағалайды?» – деді Талғат Қалиев.
Ол саяси партияларға да мәслихат депутаттарымен жұмысты жандандыруды ұсынды. Сонымен қатар жас саясаткерлерді даярлау мектептерін құрып, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу мен байланыстарды дамыту қажеттігін атап өтті.
Депутаттық сауалдың нәтижесі болуы керек
Жиынның ашық пікірталас бөлімінде мәслихаттарды жаңғырту, депутаттардың кәсіби дайындығы және олардың жергілікті атқарушы органдармен қарым-қатынасы талқыланды.
Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің өкілі Илья Теренченко жаңа шақырылымның жұмысы 2027 жылы басталатынын атап өтті. Бұл жыл Мемлекет басшысы жариялаған Жалпыхалықтық үлкен құрылыс жылымен тұспа-тұс келеді. Осыған байланысты ол мәслихаттарды жаңғырту жұмысын тоқтатпау қажеттігін айтты.
Құрылтай депутаты Бүріхан Нұрмұхамедов жергілікті билік жүйесінің құрылымын өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып жан-жақты талдауды ұсынды. Оның пікірінше, саяси партиялар да осы бағытта нақты жұмыс бағдарын қалыптастыруы керек.
Мәслихат сайлауының маңызы неде?
Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін саяси жүйені жаңарту жұмыстары жалғасын тапты. Реформалар аясында жаңа Конституция бойынша референдум өткізіліп, бір палаталы Құрылтай депутаттары сайланды. Енді жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамын қалыптастыру кезеңі басталды.
Мемлекет басшысы 12 қазанда барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға белгіледі.
Бұл жолы 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа – 668, 38 қалалық мәслихатқа – 626, 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайлау жоспарланған.
Жаңа құрамдағы депутаттар алдағы бес жыл бойы өңірлердің дамуына ықпал ететін шешімдер қабылдайды. Сондықтан олардың жұмысы тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешу, жергілікті бюджеттің тиімді жұмсалуын қадағалау және инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылау сияқты нақты міндеттермен өлшенеді.
Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейген сайын сайлаушылар алдындағы есептілігі де маңызды бола түседі. Ал 29 қарашадағы дауыс беру нәтижесі алдағы бес жылда өңірлердің мүддесін кімдер қорғайтынын айқындайды.
Анықтама
Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Барлық деңгейдегі 228 мәслихаттың депутаттары сайланады.
Сайлауға 11 мыңға жуық кандидат тіркелген. Олардың қатарында жеті саяси партияның өкілдері бар.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттарында депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы бірмандатты округтерден сайланады. Ал аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары бірмандатты округтер арқылы анықталады.
Өз сайлау учаскесінің мекенжайын GOV.KZ порталынан және eGov Mobile мобильді қосымшасынан білуге болады.
Ең оқылған:
- Астана, Алматы және Шымкентте алдағы үш күнде күн күрт суытады
- Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық жүйесін қалай өзгертеді? – сарапшы пікірі
- ҚТЖ-ның жаңа басшысы тағайындалды
- Бибігүл Жексенбай Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы болды
- Алматыда танысын өлтіріп, мәйітін жертөлеге жасырған күдікті ұсталды
Мақпал ОРЫНБЕК