Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған ақпаратқа сәйкес, еліміз бойынша барлығы 10 338 учаскеде дауыс беру ұйымдастырылады.
Оның ішінде 9 782 учаске азаматтардың тұрғылықты жері бойынша, ал 556 учаске уақытша болатын орындарда орналасқан. Мұндай учаскелерге ауруханалар, әскери бөлімдер және басқа да мекемелер жатады, - деді ол.
Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес, кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру әдеттегіден ертерек басталады. Мұндай 101 учаске таңғы сағат 06:00-де жұмысын бастайды. Олардың басым бөлігі азаматтар уақытша болатын орындарда құрылған.