Мәскеуде Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонында қайғылы оқиғаның екі жылдығына орай түсірілген «Қаңтар. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Оқиға қалай өрбіді» деректі фильмі көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Фильмде сол күндері ел қалаларындағы жағдайдың қалай дамығаны, қандай маңызды шешімдер қабылданғаны, дағдарыстан қалай шыққаны баяндалады. Авторлар барлық жайлар мен фактілерді, құжаттарды, фотосуреттерді, бейнежазбаларды және куәгерлердің жазбаларын зерттеп, талдады, бұл болған оқиғаның толық және егжей-тегжейлі бейнесін қайта құруға мүмкіндік берді.
Көрсетілім алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Қаңтарды елдегі маңызды өзгерістердің катализаторы, сондықтан сол күндердің оқиғаларын объективті және бейтарап түсінудің маңызы зор екенін айтты. «Біз фильмді сарапшылар мен жалпы жұртшылық осы тақырыпқа қызығушылық танытатын елде көрсетуді жөн санадық», – деп атап өтті Елші.
Ресей Федерациясы Президентінің Әкімшілігінің, РФ Сыртқы істер министрлігінің, ҰҚШҰ хатшылығының өкілдері, ресейлік танымал ғалымдар, сарапшылар мен журналистер іс-шараның қонақтары болды. Олардың пікірінше, Қазақстанның қандай тұңғиықтың шегінде тұрғаны және республика басшылығының нақты әрекеті болмағанда трагедияның ауқымы қандай болатыны фильмді көргеннен кейін белгілі болады.
Атап айтқанда, Ресей Ғылым академиясының Е. Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасарының міндетін атқарушы Сергей Афонцев қаңтар оқиғасын мысалға ала отырып, саяси өзгерістердің дамуының екі бағытын көрді. «Біріншісі – ешбір ақтауға келмейтін деструктивті лаңкестік әрекеттерге ұласатын күштік наразылық. Екіншісі – қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанып отырған және қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын шешімдер қабылдау жүйесін кезең-кезеңімен енгізуге бағытталған сындарлы жол», – деді ғалым.
Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Игорь Филькевич бұл оқиғаларды түсіну үшін нағыз фактілер мен дәлелдерді ұсынған фильмнің маңыздылығын атап өтті. «Қаңтар дағдарысының себебі экономикалық алғышарттар болды. Сондықтан Қазақстан басшылығының халықтың әл-ауқатын және табыстарын арттыруға бағытталған кейінгі қадамдары тұрақтандырудың аса маңызды факторы болды», - деп атап көрсетті ғалым.
Өз кезегінде ҰҚШҰ Біріккен штабының бұрынғы басшысы Александр Студеникин Ұжымдық бітімгершілік күштерінің оқу-жаттығулары барысында жинақталған тәжірибе Ұйым жұмысында оң рөл атқарғанын атап өтті.
Ұлттық зерттеу университеті Экономика жоғары мектебінің бас сарапшысы Вячеслав Иванов Ресейдің орын алған қайғылы оқиғаларды жіті қадағалап отырғанын және жағдайдың бейбіт жолмен шешілуіне үміт артқанын еске салды. Оның ойынша, берері мол фильмді қалың көрерменге көрсету керек.
Фильмді сілтеме арқылы көре аласыз.