Маскасы мұрнын жауып тұрмағаны үшін сатушыға 670 мың теңге айыппұл салынған

10 Наурыз 2021, 16:41
1745
Бөлісу:
Маскасы мұрнын жауып тұрмағаны үшін сатушыға 670 мың теңге айыппұл салынған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бүгін жалпы отырыста мониторингтік топтардан қысым көріп отырған шағын және орта бизнестің проблемасын көтерді.

Мониторингтік топтардан қысым көріп отырған шағын және орта бизнес өкілдері көп. Ондай тексеріс эпидемиологиялық бақылау тек толық қамтылған кезде ғана тиімді. Ал жеке нысандарды (тек өздері білетін себептер бойынша) айналып өту арқылы бұл топтар кейде пандемияға, індеттің таралуына тосқауыл қоюдың орнына, көбіне есеп беру және бопсалаумен айналысады. Мысалы, «Ақ жолға» көмек сұраған кәсіпкер әйелден хат түсті. Мониторингтік топ оның Теміртаудағы шағын дүкенін бір айда 18 рет тексеріп кеткен. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар өте көп, - дейді Азат Перуашев.

Оның айтуынша, мұндай әрекеттермен мониторинг топтары пандемиядан аман қалған кәсіпкерлерге ғана емес, қоғамдағы тыныштыққа қауіп төндіреді.

Еліміздегі шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болып отыр. «Ақ жол» фракциясы Алматы облысының Текелі қаласында болған оқиғаларға байланысты осы тақырыпқа қайта оралуға мәжбүр. Онда базарда көкөніс сататын төрт кішкентай бүлдіршіннің анасы, кәсіпкер Дина Қашқанованы полиция мен әкімдіктен келген практиканттардан тұратын топ төмен түсірілген маскамен суретке түсіріп алған. Кәсіпкердің маскасы болған, бірақ иегіне түсіріп қойған. Осы үшін әйелге 670 мың теңге айыппұл салды, ал оның бір күндік табысы 5 мың теңгеден аспайды. Яғни, айыппұлды төлеу үшін әлгі адам тамақ ішіп-жемей, пәтердің коммуналдық ақысын төлемей, балаларына киім алмай, жарты жыл жұмыс істеуі керек. Әйтеуір әлеуметтік желіде бұл оқиға резонанс туғызып, әйел айыппұл төлемейтін болды, - дейді депутат.

Ол мұндай мәселе тек осы кәсіпкер әйелде ғана емес  екендігін, осындай жағдайлар көп екендігін айта келе, дәл сол күні базардағы тағы бірнеше әйел айыппұл арқалағанын жеткізді.

Сондықтан депутат өзінің ұсынысын айтты:

- мониторингтік топтарды құқықтық реттеу туралы 2020 жылғы 2 желтоқсандағы біздің сауалымызда қойылған ұсыныстарға қайта оралу және жалпы алғанда олардың орынсыздығы туралы мәселені қайта қарау;

- жеке тұлғалардың кез келген әкімшілік айыппұлдарын азаматтардың жеке табыстарына байланыстыруды енгізу, мұндай айыппұлдың сомасы нақты адамның айлық жалақысының немесе нақты жеке кәсіпкердің пайдасының 2-3%-ынан, ең көбі 5%-ынан аспауға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы