Маска тақпағаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін 30 есе төмендету ұсынылды

19 Тамыз 2020, 12:12
2699
Бөлісу:
Маска тақпағаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін 30 есе төмендету ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Айыппұл мөлшері 83 340 теңгеден 2 778 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін.

ҚР Әділет министрлігі медициналық маска тақпағаны үшін азаматтарға салынатын айыппұл мөлшерін 30 есеге – 83 340 теңгеден 2 778 теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Мұндай норма ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында орналастырылған "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңы жобасының тұжырымдамасында жазылған.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін уәкілетті органдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабы бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83 340 теңге, бизнес субъектілері үшін-кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 230 АЕК-тен (638 940 теңге) 1,6 мың АЕК-ке дейінгі (4 444 800 теңге) көлемде айыппұл сала алады.
Медициналық маскаларды міндетті түрде тағу бөлігінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері азаматтар үшін мүмкін емес және қайта қарауды талап етеді, – делінген құжат мәтінінде.

Сондықтан, ӘҚБтК-нің тиісті бабында құқық бұзушылықтың мұндай құрамын жеке бөлікке шығару және бірінші рет 1 АЕК немесе 2 778 теңге мөлшерінде айыппұл, ал қайталап бұзған жағдайда – 2 АЕК немесе 5 556 теңге мөлшерінде айыппұл белгілеу ұсынылған. 

Осылайша, жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 30 есе қысқаруы мүмкін. Тұжырымдама 2020 жылдың 19 тамызына дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Айта кетейік, бірер күн бұрын ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызеті алаңында өткен кезекті онлайн брифингтердің бірінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов 5 шілдеден бастап маска болмағаны үшін 2 778 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынғанын мәлімдеген болатын




Өзгелердің жаңалығы