Марқұм болған фельдшер ісі: Жұбаниязованың адвокаты қасбеттің опырылу себебін қайта зерттеуді сұрады

26 Тамыз 2026, 11:56
АВТОР
 instagram.com/densaulyq_basqarmasy 26 Тамыз 2026, 11:56
26 Тамыз 2026, 11:56
165
Фото: instagram.com/densaulyq_basqarmasy

Астанада тұрғын үй қасбетінің опырылуына байланысты қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Асхат Алимов сотқа бірнеше өтінішхат ұсынды. Қорғаушы тарап істің мән-жайын толық әрі объективті анықтау үшін Қазгидромет пен қасбет жұмыстарымен айналысатын компанияларға жолданған адвокаттық сауалдарды, бірқатар құжатты іс материалдарына тіркеуді және сот-құрылыс-техникалық сараптамасына рецензия жүргізуді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот отырысында Асхат Алимов бірнеше компанияға адвокаттық сауал жолданғанын айтты. Оның сөзінше, №222 сауал «Центр фасада» компаниясына, №223 сауал «Кромбель Астана» компаниясына, №224 сауал «Норма Комьюнити» ЖШС-не, ал №225 сауал ASG компаниясына жіберілген.

Қорғаушының түсіндіруінше, аталған ұйымдар қасбетті орнату, жеткізу және осы бағыттағы жұмыстармен айналысады. Ал Қазгидрометке жолданған сауал оқиға болған кездегі ауа райы жағдайларын анықтауға қатысты.

Қазгидрометке оқиға болған кездегі метеорологиялық жағдайлар бойынша сауал жолданды. Қалған сауалдар қасбетпен айналысатын компанияларға жіберілді. Заң бойынша жауап беру үшін 10 күн қарастырылған. Жауаптар түскеннен кейін оларды да сотқа ұсынатын боламын, – деді ол.

Қорғаушы бірқатар құжатты іс материалдарына қосуды сұрады

Адвокат соттан пәтер иелерінің жалпы жиналыстарының №6, №8 және №10 хаттамаларын қылмыстық іс материалдарына тіркеуді сұрады.

Сондай-ақ ол 30 сәуірдегі азаматтарды жеке қабылдау қорытындысы бойынша жасалған хаттаманы, 3 шілдедегі ақша қаражатын қабылдау-беру актісін, 2019 жылғы 1 қарашадағы №1 қызмет көрсету шартын, 2019 жылғы 20 шілдедегі кондоминиум объектісін басқару шартын және басқа да құжаттарды іске қосуды өтінді.

Олардың қатарында 2019 жылғы 30 қарашадағы қызмет көрсету шарты, 2019 жылғы 20 шілдедегі мердігерлік шарт, 2022 жылғы 15 қыркүйектегі қызмет көрсету шарты, смета, шартқа қосымша және шот-фактура бар.

Бұдан бөлек, адвокат 2026 жылғы 7 шілде мен 6 тамыз аралығындағы Bank CenterCredit шоты бойынша үзіндіні де сотқа ұсынуды сұрады.

Сот барысында бұл үзінді бұрын МИБ төрағасы болған жеке кәсіпкердің шотындағы ақша қозғалысына қатысты екені айтылды.

Сараптама қорытындысына рецензия тағайындалды

Асхат Алимов сотқа тағы бір өтініш ұсынып, 2026 жылғы 22 мамырдағы №26-93 сот-құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысына және 2017 жылғы техникалық қорытындыға рецензия тағайындалғанын хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, рецензияны өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша жоғары техникалық білімі бар Вероника Лобаева жүргізеді. Оның өндірістік-техникалық бөлім инженері, техникалық қадағалау және құрылыс сметасы саласы бойынша біліктілік аттестаттары бар. Құрылыс-техникалық зерттеулер саласындағы еңбек өтілі 2018 жылдан басталады.

Қорғаушы тарап маманның алдына он сұрақ қойған.

Атап айтқанда, бастапқы сот сараптамасында нақты орындалған кірпіш қалаудың жобалық құжаттамаға сәйкестігі зерттелді ме, ғимараттың жобалық шешімі қандай қабаттылыққа есептелген және нақты тоғыз тұрғын қабаты жобаға сай келе ме деген мәселелерге жауап берілуі тиіс.

Сонымен қатар жобадағы шешім мен ғимараттың нақты қабаттылығы арасында сәйкессіздік болған жағдайда, оның кірпіш қалаудың тұрақтылығы мен сенімділігіне ықпалы бағаланды ма деген сұрақ қойылған.

Қорғаушы тарап қабырғалардың биіктігі, түсетін жүктеме және ғимараттың нақты параметрлері ескеріліп, кірпіш қалаудың көтергіш қабілеті мен беріктігіне техникалық есеп жүргізілген-жүргізілмегенін де анықтауды сұрап отыр.

«Бастапқы себеп нақты анықталды ма?»

Адвокат сараптама барысында кірпіш қалаудың бастапқы ақауы неден пайда болғаны және оның кейінгі опырылуға қалай әсер еткені нақты ажыратылуы тиіс деп есептейді.

Қойылған сұрақтардың бірі қасбеттен анықталған ақаулар ғимаратты пайдалану кезінде тиісті күтім жасалмауынан емес, бастапқы жобалау немесе құрылыс кезінде жіберілген кемшіліктердің салдары болуы мүмкін бе деген мәселеге қатысты.

Сондай-ақ қорғаушы МИБ-дің әрекеті немесе әрекетсіздігі мен кірпіш қалаудың опырылуы арасында тікелей техникалық себеп-салдарлық байланыс бар-жоғын анықтауды сұрады.

Тағы бір сұрақта МИБ қасбетті уақытылы күтіп ұстау немесе жөндеу жұмыстарын жүргізген жағдайда бастапқы жобалық сәйкессіздіктердің салдарын жоюға және қасбеттің опырылуына жол бермеуге болар ма еді деген мәселе көтерілген.

Қорғаушының пікірінше, сот сараптамасында жобалық-техникалық және атқарушылық құжаттар толық зерттелмесе, қасбеттің опырылу себебіне қатысты қорытындының толықтығына күмән туындауы мүмкін.

Рецензия жүргізетін маманның алдына қойылған соңғы сұрақ Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тұрғын үй қасбетінің облицовкалық қабатының жаппай опырылуының нақты техникалық себептерін анықтауға қатысты.

Бұл ретте ғимараттың жобалық ерекшеліктері, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы, нысанның шамамен 20 жыл пайдаланылуы және оқиға болған күнгі метеорологиялық жағдайлар кешенді түрде зерттелуі тиіс.

Асхат Алимов соттан рецензия тағайындалғаны туралы хабарламаны және қорғаушы тарап ұсынған өзге де құжаттарды қылмыстық іс материалдарына тіркеуді сұрады.

Еске сала кетейік, Жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Кейін 18 қарашада алған жарақатынан көз жұмды.

Сондай-ақ Президент қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады.

Тағы оқи отырыңыз: Ұлдана Мырзуан ісі: Судья Жұбаниязова ісін прокурорға қайтарудан бас тартты 

Наверх