Күршім ауданының Марқакөл өңірінде құну, бұлғын, күзен, сондай-ақ қояндардың көбейгені байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ Altaynews-ке сілтеме жасап.
Марқакөл өңірін көптеген ірілі-ұсақты жан-жануарлар мекен етеді. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстар бар. Олардың шыңылтыр аязға шыдап, көктемге шығынсыз жетуі үшін қыс бойы биотехникалық шаралар атқарылады.
Марқакөл орман шаруашылығының қызметкері Бақытқали Аубакировтың айтуынша, қыс мезгілі жақындағанда өңірдегі кейбір аңдар уақытша қар аз түсетін өзге аумақтарға кетіп қалады екен.
«Тұяқтылар Қара Қаба, Арасан Қаба өзендерінің төменгі ағыстары мен Шанағаты жазығында болады. Қыста тұяқтылар қайда болса, жыртқыштар да сонда. Марқакөл өңірінде қыс басында қасқыр көп болады. Қар қалыңдайтын желтоқсан айында олар топ-тобымен Шанағаты қазаншұңқырының төменгі жағына кетеді де, наурыздың соңында қайта келеді, - дейді ол.
Осы аумақты мекендейтін сілеусін де әдетте, күздің соңғы айларында Қара Қаба, Арасан Қаба өзендерінің төменгі ағыстарына түсіп, қорық аумағына көкжалдармен бірдей уақытта оралатын көрінеді. Қазіргі таңда Марқакөл өңірінде құну, бұлғын, күзен, әсіресе, қояндардың көбейгені байқалып отыр.
Қысы суық өңір болғандықтан және қыс мезгілінде қардың көп мөлшерде түсуіне байланысты орман шаруашылығы аумағындағы жан-жануарларға қолдан қоректендіру іс-шаралары жүргізіледі. Бұл - Қызыл кітапқа енген жан-жануарлардың жоғалып, құрып кетпеуінің алдын алу мақсатындағы жұмыстар.
Қыста жабайы тұяқтылар жем іздеуде көп қиындықтарға тап болады. Ал бұл уақытта жануарларға аязды күндерден және жалпы, қыстан аман қалу үшін әсіресе жем өте көп қажет. Қыс мезгілі жақындағанда және қыста Марқакөл орман шаруашылығының қызметкерлері жан-жануарларға қолдан жемшөп береді. Жануарлардың жаппай мекендейтін жерлеріне арнайы қоректендіргіш те орнатылады. Сонымен қатар, жануарлар ол жерге кедергісіз келу үшін қоректендіргіштерге кіреберістерге тазарту жүргізіледі. Бұл жұмысқа аңшылар бастаған орман күзетінің қызметкерлері де аянбай атсалысады екен.