Биыл Шығыс Қазақстанның бұрынғы Марқакөл ауданына қарасты елдімекендерді дамытуға арналған бірқатар тың жоба қолға алынады деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Кейінгі жылдары шекара шебінде жатқан бірқатар өңірдің тұрғындары «жеке аудан болсақ» деген сөзді жиі айтатын болды. Оған себеп те жоқ емес. Екі жыл бұрын қараша айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасын дайындауды тапсырып, «шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын» деген еді.
Президенттің осы сөзінен кейін ел шетінде жатқан жұрттың көңілінде үміт оты жанған. Былтыр Шығыс Қазақстан облысы екіге бөлінген кезде Ақжар өңірін жайлаған бір қауым елдің тілегі орындалып, бұрынғы Тарбағатай ауданы қайта қалпына келтірілген еді. Енді, міне, сондай бір жағымды жаңалықты Катонқарағай мен Марқакөл халқы да тағатсыздана күтіп жүр. Қалай десек те шекара маңын жайлаған жергілікті халықтың санын сақтап, жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар толастамайды.
Бүгінде Күршім ауданына қарасты Марқакөл өңірінің дамуы аймақ басшысының жеке бақылауына алынған. Даниал Ахметов бұл өңірде былтыр үш рет болып, марқакөлдіктердің арыз-шағымын тыңдап, бірнеше маңызды нысанның ашылуына қатысты.
Облыс әкімінің Марқакөлге келген жұмыс сапарлары барысында берген тапсырмаларына сай біз осы өңірдің жеке даму жоспарын әзірледік. Яғни, қазір Күршім ауданының ғана емес, оған қоса Марқакөлдің жеке даму жоспары бар. Биыл аталмыш аумақта жүргізілетін жұмыстарға 2,8 миллиард теңге қарастырылса, келер жылы 2 миллиард теңге жұмсаймыз. Осы қаражатқа ауқымды жұмыстар атқарылады, – дейді Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов.
Осыған дейін Марқакөл ауылының орта мектебі 250 миллион теңгенің құрал-жабдығымен қамтылғанын атаған аудан басшысы қазір мұнда әлеуметтік салаға жіті көңіл бөлінгенін тілге тиек етті. Атап айтсақ, биыл спорт кешенінің құрылысы аяқталып, жергілікті білім ордасы жөнделген. Музыка мектебіне де қаражат қаралып, жақында құрылыс қолға алынады. Сондай-ақ ауылдағы бірнеше көшеге асфальт төселмек.
Қазір Марқакөл ауылында 2526 адам тұрып жатыр. Кезінде 7-8 мың болған. Тұрғындардың үдере көшуінен халық саны осылай азайды. Марқакөлдегі 480 балаға шақтап салынған мектепте қазір де сонша бала оқып жатыр. Инвестиция қаржысына ол мектеп толық жабдықталды. Оқушылар отыратын парталар Португалиядан әкелінді. Балаларға арналған үстел ойындарының құрылғылары орнатылды, – дейді аудан әкімі.
Алмат Ақышов ауыл балаларының білім сапасы да қаладағы қатарластарынан кем түспейтінін айтты.
Тағы бір жағымды жаңалық – алдағы жылдары Марқакөл ауылының үйлері орталықтандырылған ауызсумен және жылумен қамтылмақ. Қазір аудандағы мектептер мен ауруханалардың жылу қазандықтары әкімдікке қарасты «Күршім» және «Марқакөл» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорындарының теңгеріміне алынып жатыр. Бәрі оң шешілсе медицина мекемелерінің басшылығы бұрынғыдай «аурухананы қалай жылытамын?» деп бас қатырмауға тиіс. Мектеп директорлары да білім ошағының жылу мәселесіне алаңдамайтын болады.
Бұдан кейін осы нысандарға жақын орналасқан жеке тұрғын үйлерді де орталықтандырылған жылумен қамтимыз. Сөйтіп бұл үйлердің тұрғындары көмір тасып, от жағудың машақатынан құтылатын болады. Бұл – әзірге қанатқақты жоба. Егер осы бастама өзін ақтап, тиімділігін көрсетсе, елді мекендердегі ескі қазандықтарды қалпына келтіріп, қосымша жергілікті жылу орталықтарын салып, халықты орталықтан берілетін жылумен қамтимыз, – деп нақтылады аудан әкімі Алмат Ақышов.
Иә, жылдан-жылға халық саны азайып, жалаңаштанып қалған шекаралық аймақтарға тұрғындарды қоныстандыру – кезек күттірмес өзекті мәселелердің бірі. Ол үшін әрине бұл өңірлерге ел тұрақтайтындай жағдай жасалуға тиіс. Марқа өңірінде қолға алынған осы жұмыстарды сол игі істің алғашқы қадамы деп түсіндік.